Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда үш мүсін дауға айналды: тұрғындар олардың түсін сынап жатыр

мүсінФото: sortirovka_official

Қарағандыда Сортировка ауданының тұрғындары вокзал алдындағы алаңда орналасқан таныс мүсіндердің қола түске боялғанына наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көптен бері ауданның символына айналған үш бетон мүсін – ата, әже және немере – жергілікті халық арасында "Ата", "Әже" және "Немере" деп аталып кеткен.

Бірнеше жыл бойы Sortirovka Official тобының белсенділері мүсіндерге күтім жасап, оларды сырлап, балаларға бұл жай ғана бетон емес, тұтас бір отбасының тарихы екенін айтып жүрген.

"Біз өз күшімізбен оларды қалпына келтіріп, сырлап, оларға жан бітірдік. Адамдар жай бетон емес, ұрпақтар тарихын көрсе деп тіледік", – деп жазды белсенділер Instagram парақшасында.

Жуырда аудан белсенділері мүсіндердің қоңыр түске боялған суреттерін жариялады. Жазба әлеуметтік желілерде тез тарап кетті. Алайда мақтаудан гөрі наразылық пен мысқыл көп. Көпшілік мүсіндердің жаңа түсі оғаш көрінеді деп жазып жатыр.

"Бұрын олар түрлі түске боялған кезде мән-мағынасы, тарихы бар еді. Ал қазір үш ұсқынсыз затқа ұқсайды", – деп пікір қалдырды желі қолданушылары.

"Неліктен бізде бәрі есеп үшін істеледі? Қағаз жүзінде әдемі, ал шын өмірде үш қоңыр мүсінді көріп, оның ата, әже және немере екенін ажырата алмайсың", – деп жазды қарағандылықтар.

Кейбіреулердің айтуынша, бұрын мүсіндер түрлі түске боялған кезде композиция жылы әрі әсерлі көрінген.

Мүсіннің авторы – қарағандылық суретші Мадихан Қалмаханов. Ол бұл композицияның бастапқыда қола реңкте ойластырылғанын түсіндірді.

"Мүсіндердің пішіні – авторлық шешім. Олар бастапқыда дәл осылай жасалып, барлық келісуден өткен. Кейін кім оларды түрлі түске бояғанын білмеймін. Бірақ түпнұсқада олар шынында қола түсті болған", – деді Мадихан Қалмаханов.

Қарағанды қаласының мәдениет, демалыс және саябақтар басқармасының баспасөз қызметі мүсіндерді қайта бояу абаттандыру нысандарын жоспарлы түрде жаңарту жұмыстарының бір бөлігі екенін айтады. Ведомствоның мәліметінше, жұмыс басталар алдында Қарағанды суретшілер одағымен кеңесілген, бұл ұйым композицияның авторлық құқығына ие.

"Біз мүсіндердің бастапқы келбетін қайтардық. Қазір олар кейбір жарияланымдарда айтылғандай қоңыр емес, қола түсті. Дәл осы түсті автор бастапқыда ойластырған. Жұмыстар Суретшілер одағының ұсынымдарына сай жүргізілді және композицияның көркемдік құндылығын сақтау мақсатында атқарылды", – деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ көктемде тұрғындар тарапынан ескертулер болса, түс реңктерін суретшілермен бірлесе отырып түзету мүмкін екені айтылды. Ресми түсіндірмелерге қарамастан, пікірталас әлі басылған жоқ. Біреулер үшін бұл талғам мәселесі, ал енді біреулер үшін қалаға және адамдарға деген көзқарастың көрінісі.

Айнұр Мұхади
Жұма, 24 Қазан, 2025 10:56
Талқылау