Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ай сайын төленетін 300 мың теңгені қысылмай алып келген": Қарағандылық отбасы асырап алған балаларын құлдыққа жеккен

Фото: depositphotos.com

Қарағандыда жетімдер үйінен 6 бала асырап алып, құлдыққа жеккен отбасы сотқа тартылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тергеушілердің мәліметінше, отбасы асыранды балаларға тамақ бермей, үнемі ұрып-соғып, ақыры біреуін мүгедек қылған. Отбасының үш мүшесіне азаптау бабы бойынша айып тағылды.

Қарқаралы ауданына қарасты ауылдардың бірінде отбасы 2018 жылы отбасы типінде балалар үйін ашып, алты жеткіншекті алады. Оларды бірден малға салып, қора‑қопсысын қаратып, қара жұмысқа жеккен. Прокурор балалардың ботқасына "малдың тезегін қосып берген" деген деректі де бөлісті. Тіпті балалардың далада, иттің үйшігінде түнеген кезі де болған.

Сарапшылар үнемі таяқ жеп келген балалардың денесінен 19-дан 47-ге дейін тыртық анықтаған. Ең кішісінің басын жарып тастапты.


"Ұрып-соғып, мал бақтырып, баламның қолын шапты": Қызылорда облысында бүтін бір отбасы 20 жыл құлдықта болғанын мәлімдеді

"Балалар порнографиясын жазған": Қарағандыда туған қыздарын жыныстық құлдыққа сатқан аналар ұсталды


Ауданның қорғаныш бөлімі қайда қарағаны белгісіз. Ал алты баланың тәрбиесіне ай сайын төленетін 300 мың теңгені қысылмай алып келген. Қазір үш бала туған әжесінің қарауына берілген. Қалған үшеуі балалар үйіне қайтарылып, құлдықтан құтылды.

"Балаларға күнде қол жұмсап отырған. Түкке тұрмайтын қылығына бола қамшымен сабап, швабрамен, көсеумен оңдырмай ұрып келген, сондай-ақ алақанмен ұрған қолдың ізі де бар. Жұдырықпен 6-17 рет балалардың ішінен, денесінен, басынан ұрған. Соның салдарынан балалардың басы, беті, қол-аяғы толған тыртық. Дұрыс тамақтанбағандықтан, қатарластарына сай дамып өспеген. Зор күш талап ететін қора-қопсының қара жұмысынан шалалық көрсе, үнемі жұдырықтап келген", – дейді прокурор Әділ Садықов. 

Сондай-ақ прокурор балаларға гематомалар, бас миының қысылуы, бас миының ауыр контузиялары, жабық бассүйек пен ми жарақаттары деген диагноз қойылғанын айтты. Балалардың бетінде, денесінде және аяқтарында жаралар бар. Сарапшылар балалардың бірінің денесінде 47 тыртық ізі барын анықтаған.

“Сондай арық болды, көздері мұңға толы. Бір нәрсе болғанын жүрегім бірден сезді. Содан қорғаншылыққа өтініш бердім. Мен де құр қол келмейтінмін. Балаларға көкөністер, жемістер, киімдер, футболка, леггинстер апардым. балаларға апардым. Бірақ олар балаларға бермей, өз балаларына берген”, – дейді балалардың әжесі. 

Бұл отбасыға мемлекеттен патронаттық тәрбиешілердің жалақысы мен балаларын асырауға бөлінген 6 миллион теңгені жымқырды деп айып тағылды. Отбасындағы ер адам ақшаны құмар ойынға жұмсады деп айыпталып отыр. 

“Психикалық мүмкіндіктерін тексереді, бірақ психологиялық потенциал зерттемейді. Бұл өте маңызды. Зерттеулерді жүргізген кезде кейбір отбасы бала асырап алудың барлық талаптарына сәйкес келеді. Бірақ мысалы, әкесі агрессияға бейім немесе анасы балаларды жақсы көрмейтін болуы мүмкін”, – дейді психолог Татьяна Савицкая.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық бала асырап алып, кейін оны өлтіріп жәрдемақысын алып отырғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 24 Сәуір, 2025 20:54
Талқылау