Қарағандыда автобус жүргізушісі ер адамды соққыға жығып, көлігін талқандады (видео)
Қарағандыда автобус жүргізушісі көлік жүргізушісіне жұдырық ала жүгіріп, көлігін зақымдады. Оқиғаның видеосы желіде тарап кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Видео авторы бастапқыда автобус пен оның жүргізушісін камераға түсіріп, оның жол ережесін бұзғанын айтады.
«Автобустың қалай жүріп келе жатқанына қараңыздаршы. Қызыл белгіден өтіп кетті. Қарсы бағыт бойынша жүріп бара жатыр. Салонда шылым шегуде. Маған дөрекі сөйледі. Темекімен отыр», - дейді ол.
Осы кезде қоғамдық көлік жүргізушісі салоннан атып шығып, бейәдеп сөздер айтып, камераға түсіріп тұрған ер адамды ұра жөнеледі. Артынша ол ер адамның көлігін талқандауға кіріскен.
Ескерту! Видеода бейәдеп сөздер айтылады!
Tengrinews.kz порталының мәліметінше, Қарағанды облыстық полиция департаменті мән-жайды түсіндірген.
«3 шілдеде таңғы сағат 7-нің шамасында №43 бағытындағы автобустың 27 жастағы жүргізушісі «Голубые пруды» аялдамасында бұзақылықпен 29 жастағы қала тұрғынының денесіне зақым келтіріп, көлігін зақымдаған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 293-бабы 1-тармағына (Бұзақылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталуда», - дейді полиция департаментіндегілер.