Қарағанды облысы қарызға белшеден батты: Өңірдің борышы бес жылда бірнеше есе көбейген
Жоғары аудиторлық палата Қарағанды облысының мемлекеттік борышы бес жылда 2,2 есе, қызмет көрсету шығындары 1,5 есеге өскенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жергілікті атқарушы органдардың қарызы әсіресе 2020 жылы пандемия кезінде өскен. Кейін әкімдік мемлекеттік бағалы қағаздардың ауқымды көлемін шығара отырып, қарыз лимитін 3,8 миллиард теңгеге асырған.
Төлемдер жүктемесінің көбі 2031 жылға келеді. Деректерге сай, Қарағанды облысына 20 шарт бойынша 21,7 миллиард теңгеге несиені өтеуге тура келеді. Жалпы, мемлекеттік қарыз бойынша облыстың барлық төлемдерінің 60%-ы 2030-2043 жылдарға тиесілі. Дегенмен Жоғарғы аудиторлық палата мемлекеттік қарыз сомасын атамайды.
Квазимемлекеттік сектордың көптеген объектілерінде де кредиторлық берешек бар. Мәселен, "Теплотранзит Қарағанды" рентабельді емес кәсіпорын болып табылады. Шығындар аясында компания несие бойынша өз міндеттемелерін орындай алмау қаупі артып келеді.
"Қарағанды Су" компаниясы бюджеттік кредиттер алып, артық ақшаны банктік депозиттерге қатар орналастырды. Ал таза пайданы ЖШС қатысушыларының пайдасына бөлді.
"Шахтер" футбол клубы өз қаражатын тиімсіз басқарды. Бұл оның кредиторлық берешегін жылдан жылға арттыруда. Компанияда қызметкерлердің жалақысы, салықтары және басқа да міндетті төлемдері бойынша қарыздар бар.
Заңнама нормаларын бұзудың жалпы сомасы 5,3 миллиард теңгені құрайды. Тексеру комиссиясы аудит объектілеріне ұсыныстар жіберіп, анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін ұйғарымдар шығарды.
Еске салсақ, Қарағанды облысында орталық қазандықтың құрылысына бөлінген 460 миллион теңгеден астам қаражат ұрланғаны туралы хабарлаған еді.