Қарағанды облысында түрлі тері ауруларын балшықпен емдейтін шипажай ашылмақ
Фото: Видеодан скрин
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының көрікті жерінде курортты аймақ пайда болмақ. Жергілікті билік демалушыларға тұзды көлдің емдік қасиетін ұсынып, Семізбұғы трактінде туризмді дамытуды көздеп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұқар жырау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, бірегей табиғи су қоймасының суы мен лайы түрлі тері ауруларынан емделуге көмектеседі.
“Семізбұғының әсем жағалауы, таза ауасы мен кеңістігі демалуға және денсаулықты қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Аумақты туристерге қолжетімді ету үшін егжей-тегжейлі жоспар дайындалды. Курорттық аймақтың ауданы 62 гектар. Жобаға тапсырыс беруші – Бұқар жырау аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі, мердігер – "GRADO" жобалық фирмасы" ЖШС. Жақын арада аудан әкімдігінде қоғамдық тыңдаулар өтеді”, – делінген хабарламада.
Содан кейін жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, мәслихат отырысында депутаттардың мақұлдауынан өтеді екен.
“Егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бекітілген соң олар инженерлік желілерді салуға және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кіріседі. Жобаның мақсаты – туризмді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау. Ал демалушылардың көлге жетуіне қолайлы болу үшін Корнеевка – Бұқар жырау жолы жөнделмек. Оның ұзындығы 15 шақырым. Бұқар жырау кесенесіне қатынау да жақсарады”, – делінген хабарламада.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұл жобалар ішкі туризмді дамытуға, тарихи және табиғи мұраларды сақтауға, инфрақұрылымды жақсартуға және демалыс сапасын арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Туризм саласының өкілдері курорттық аймақтардағы нақты проблемаларды атағаны туралы жазған едік.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
