Қарағанды облысында халықтың жағасынан алып, оларға дөрекі сөз айтқан ауыл әкімі жұмыстан кетті
Қарағанды облысы Жәйрем кенті тұрғындары ауыл әкімінен қорқатындарын жеткізді. Айтуларынша, Жәйрем әкімі Аманғазы Наукенов оларға дөрекі сөйлеп, жағадан алады екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Былтыр Тикток әлеуметтік желісінде жастармен бірге билеп, видео түсіріп елге танылған Қарағанды облысы Жәйрем кентінің әкімі Аманғазы Наукеновтің үстінен шағым жиілеген. Жергілікті тұрғындар әкімге мәселесімен кіруге қорқады екен. Тұрғындардың айтуынша, әкім кейде дөрекі сөйлеп, қол жұмсайтын көрінеді.
"Барудан қорқамыз енді. Тілін тигізеді. Бұл енді адамға өзі тілін тигізіп, ұрмақшы болып жүгіреді. Содан кейін шошып қалыппын. Бұндай адамды қалай әкім етіп сайлап отыр. Бұл Аманғазы Наукеновты кім әкім қылып қойған өзі?!" - дейді Жәйрем кентінің тұрғыны Халымхан Өсерхан.
Ал Қаражал қаласының әкімдігі тұрғындар тарапынан ресми шағым түспегенін айтады. Өтініш түскен жағдайда әкімге қатысты шара қолданылатынын жеткізді. Ал бүгін шенеунік өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш жасаған.
"Бүгінгі күні Жәйрем кентінің әкімі Аманғазы Боранбайұлы Наукеновтан ағымдағы жылдың бесінші сәуірінен бастап аталған лауазымынан өз еркімен босату туралы өтініш түскен болатын", -деді Қаражал қаласы әкімінің аппарат басшысы Досбол Құлымбетов.
Жәйрем кентінің әкімі қызметіне бес жыл бұрын келген Аманғазы Наукеновтің үстінен бұған дейін халық тарапынан шағым түспепті. Әкімнің жұмыстан кету себебін әкімдіктегілер түсіндіріп бере алмады. Айта кету керек, дәл осы Жәйремдегі апатты үйлердің мәселесі соңғы кезде қатты талқыға түскен еді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
