Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды ​​облысында 50 жастағы ер адам зорлаған оқушы қыз психиатриялық орталыққа түсті

Қарағанды ​​облысында зорланған 15 жастағы оқушы қыз психиатриялық орталыққа түсті. Кәмелетке толмаған қызға 50 жастағы ер адам сексуалдық зорлық-зомбылық көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: makeleio.gr

Жәбірленушінің анасының айтуынша, қылмыстық істі тергеу созылып, қызын әрекетке қабілетсіз деп танып, психиатриялық орталыққа жатқызған. Зорлау осы жылдың шілде айының соңында болған. Жәбірленушінің айтуынша, күдікті құрбысының отбасы мүшесі болған.

"Жазда жұмыс істегім келді. Ол (күдікті) досым арқылы жұмыс ұсынамын деп кафеге шақырды. Мен еш нәрседен күдіктенбедім. Ол кафеде бір-екі бөтелке сыра ішіп, ақша төлеу үшін үйге бару керектігін айтты. Маған өзімен бірге баруды ұсынды, сосын қайта келіп бәрін талқылайтынымызды жеткізді. Мен келістім, бірақ ол жақта мені сондай жағдай күтіп тұрғанын білмедім. Пәтерде ол маған тиісе бастады, басымнан екі рет ұрып, зорлады. Айғайлағаннан пайда жоқ екенін айтты. Сосын ешкімге ештеңе айтпауымды өтінді. Мен өз өмірім үшін қорқып, келіскен кейіп таныттым. Онымен пәтерден шыққан соң құрбыма хабарлама жазып, ағам мен оның досынан көмек сұрадым", – деді жәбірленуші.

Жәбірленуші мен оның ағасы полицияға хабарласқан. Күдікті оқиғадан бірнеше сағат өткен соң ұсталды.

"Олар сараптама жасап, қызының денесінде оның биоматериалының және қанының бар-жоғын анықтады. Бірақ іс әлі сотқа жіберілген жоқ. Неге екенін түсінбейміз. (...) Біз қадағалау органының өкілі қызымнан психиатриялық орталыққа орналастыруды талап еткенін естідік. Полиция бөлімінде олар қызымды осы орталыққа жатқызуға келісім беруге мәжбүрледі. Сондай-ақ бұл орталықтың қорытындысынсыз күдікті түрмеге жабылмайтынын айтты. Ауруханаға жатқызудан бас тарта алатынымды кейін білдім. Бес күннен кейін қызымды алып кеттім. Алайда орталықта психолог онымен бір-ақ рет сөйлескен", — деді жәбірленушінің анасы.

Жәбірленушінің туыстары тергеудің нәтижесіне қандай да бір әсері болу үшін қызды есі дұрыс емес деп жариялағылары келетінін айтты.

"Психиатриялық орталыққа жатқызуды қысым деп санаймыз. Қадағалаушы орган қызымды ұдайы ұсақ-түйекке шақырады, дұрыс емес сұрақтар қояды. Біз тек ол кісінің заң бойынша әділ жазасын алуын қалаймыз. Тергеу ұзаққа созылып жатыр. Мен ересек әйел болсам да психикалық жағынан бәрінен шаршадым. Қызым үшін қорқамын, оның қандай күйде жүргенін елестете де алмаймын. Осынша қиындықтың бәрін басынан өткеру оңай емес. Тіпті арызымызды қайтарып алып, оларды жайына қалдырып, бұл оқиғаны ұмытуды ойладық. Алайда оның кәмелетке толмағандарды зорлауын жалғастырмасына кім кепіл? Өйткені ол қызымның нешеде екенін жақсы білетін", – деді жәбірленушінің анасы.

Қарағанды ​​облысы денсаулық сақтау басқармасы кәмелетке толмаған баланың анасының жазбаша келісімімен сот-психиатриялық сараптама комиссиясының ұсынысы бойынша Балалар психиатриялық орталығына жатқызылғанын хабарлады.

"Науқас тексеру кезінде емдеу мекемесінде болу режимі мен ережелерін сақтамаған. Анасының талабы бойынша қажетті психологиялық тексерулерді өткізбей, мерзімінен бұрын ауруханадан шығарылды. Әрі қарай психологиялық түзету жүргізілетін емханада ұсынылады", –  деп хабарлады департамент.

Қарағанды ​​облысы полиция департаменті іске қатысты түсініктеме беріп, жәбірленушінің анасының жазбаша келісімімен психиатриялық орталыққа орналастырылғанын атап өтті.

"Аталмыш факті бойынша қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-бөлігі "Кәмелетке толмағанға қатысты зорлау" бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды, тергеу амалдары жүргізілуде", – делінген хабарламада.

Талқылау