Қарағанды облысында 14 жүк вагоны рельстен шығып кетті
Қарағанды облысының Құлайғыр және Қарабас станцияларының арасында 14 жүк вагоны рельстен шығып кетіп, салдарынан мыңнан астам жолаушы жолдан қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Жолаушылар Қарағанды вокзалына автобустармен жеткізіліп жатыр. Үш жүзге жуық адам Астанаға электропоезбен жөнелтілсе, қалғандары әлі вокзалда отыр.
Құлайғыр және Қарабас станциялары аралығында құрылыс материалдарын тиеген 14 жүк вагоны рельстен шығып кетті. Куәгерлердің айтуынша, ағаш артқан 5 вагон құлаған. Салдарынан 5 жолаушы пойызы тоқтап, жолаушылар жарты жолда қалды.
“Вагондар құлап, ағаштар шашылып жатты. Біз 3 сағат бойы автобус күттік. Автобуспен жолаушыларды Қарағандыға әкелді”, – дейді куәгер Дарья Дочешвили.
8 жүзден астам жолаушы Қарағанды вокзалына жеткізілді. Оның үш жүзге жуығы Астанаға электропоезбен жөнелтілсе, өзгелері вокзалда қалды.
Мұнда адамдар таңнан бері пойыз күтіп отыр. Пойыздардың алды 6-7 сағатқа, ал оңтүстік және батыс өңірлерге қатынайтындары 8-9 сағатқа дейін кешігуде. Сондықтан жолаушыларға вокзалда түнеуге тура келеді.
Гүлназ Сағындықова бірнеше күн бұрын Қарағандыға қонаққа келген. Ақтөбеге үйіне қайта алмай жолда бөгеліп отыр. Ал оның пойызы әлі он шақты сағат кешігуі мүмкін.
“Таңғы 7 де келдік.күтіп отырмыз. 51-інші поезд, әрине шаршадық күтеміз ғой енді үйімізге баруымыз керек”, – дейді жолаушы Гүлназ Сағындықова.
“Шаршап отырмыз, әне, бәрі шаршап отыр, қарап отырмыз. 5 сағат күту оңай ма мына кісілерге”, – дейді жолаушы Надежда Бекмұрзаева.
"ҚазақстанТемір жолы" компаниясының ақпаратынша, оқыс оқиға жеке меншік вагондардағы ақаудан болған. Темір жол учаскесін қалпына келтіру үшін 3 қалпына келтіру пойызы жұмылдырылды. Жолда бөгелген жолаушыларды автобуспен тасымалдау әлі жалғасуда. Қарағанды вокзалында адамдарға ыстық шәй беріліп жатыр. Ана мен бала бөлмесі, мүгедектерге көмек көрсететін орын мен жатын бөлме дайындалды.
“824 жолаушы жеткізілді. Пойыздары түнгіге қалып жатқан болмаса тағы да кешігіп жатқан кісілерге бізде жеке өзі демалатын орын бар. Оның бәрі тегін қарастырылған.Барлығы жолдың жөнделіп, ашылып өз қалпына келуіне байланысты”, – дейді Қарағанды теміржол вокзалының бастығы Шерхан Несіпбек.
Теміржолдағы жағдайдың қашан реттелетіні әзірге белгісіз. Бұған қатысты көлік полициясы қылмыстық іс қозғады.