Қапшағайда сарбазды ұрып өлтірген командир қамауға алынды
Қапшағайдағы қайғылы оқиға болған әскери бөлім күнделікті жұмысын сол қалпы жалғастырып жатыр. Бірақ, маңайлау мүмкін емес. Тілшілерді көрген қарауылдар жандарына жолатпайды. Қаза болған сарбаз – Нұрлан Оразғалиев небәрі 20 жаста болған екен. Әскер қатарына былтыр күзде Астана қаласынан шақыртылған. Онымен түйдей құрдас кіші сержант Жантөре Рамадин екеуі осы бөлімде қызмет еткен, деп хабарлады КТК арнасы.
Араларындағы кикілжіңнің қалай болғанын әскери прокуратура өкілі былай түсіндірді.
«Әскери бөлім аумағында шаруашылық жұмыстарын жүргізу барысында Оразғалиев пен бөлімше командирінің арасында қақтығыс болып, Оразғалиевтің бет тұсынан соққы жасаған. Нәтижесінде Оразғалиев ес-түссіз қалған», – дейді Бас әскери прокуратураның ресми өкілі Жеңіс Темеков.
Ес-түссіз қалған Оразғалиевті Қапшағай қаласының ауруханасына жеткізгенімен, жас жігіт сол күйі тіл тартпай кетіпті. Бірақ, дауды бастаған да марқұм жігіттің өзі дейді прокурорлар. Ол сержанттың тапсырмасын орындамай, оған қарсы шыққан көрінеді.
«Әскери қызметшілердің арасындағы жанжалдың барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық істің тергеуі Бас әскери прокуратураның бақылауында», – дейді Бас әскери прокуратураның ресми өкілі Жеңіс Темеков.
Ал кісі өліміне себепші кіші сержант, взвод командирі Жантөре Рамадин Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының тумасы. Ол кеше оқиғадан соң дереу қамауға алыныпты.
Мұндағы сардарлар сарбаздарымен қоса қайғылы оқиға жөнінде айтып беруден түбегейлі бас тартты. Адам өлімі болған әскери бөлімшеде қазір қалыпты тіршілік қайтадан орнаған. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 440-бабы, яғни, әскерилер арасындағы тәртіп ережелерінің бұзылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті.
Жіберіп алмаңыз:
Қапшағайда жауынгер кіші сержантпен болған жанжалдан соң көз жұмды
Алматы облысында жас сарбазды соққыға жығып, өлтірген екі азамат сотталды
Ақтөбедегі оқиғада қаза тапқан сарбаздың отбасына баспана берілді (фото)
Қорғаныс министрлігі Отардағы сарбаз өліміне қатысты мәлімдеме жасады