Қапшағайда әйел депутаттың көз алдында суға кетті: Жағажайда құтқарушылар мен дәрігерлер болмаған
Фото: Видеодан скрин
Алматы облысы Қонаевқа қарасты Қапшағай жағажайында қайғылы жағдай болып, әйел суға батып кетті. Оқиға кезінде жағажайда құтқарушылар да, бейнебақылау камералары да, медициналық пункт те болмаған. 6 шілдеде отбасымен демалуға келген мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек оқиғаның көз алдында болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Куәгерлердің айтуынша, олар әйелді судан шығарып, алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Жағажайда болған мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек нысанның қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін айтты. Оның сөзінше, аумақта құтқарушылар, дәрігер, бейнебақылау мен құтқару құралдары қарастырылмаған. Сонымен қатар бұл жер телімі жеке кәсіпкерге жалға берілген, алайда иесі тек кіреберіс шлагбаум орнатып, ақы жинаумен шектелген.
Кейін келген медицина қызметкерлері мен полицейлер бұл мәселе олардың құзыретіне кірмейтінін айтқан.
Депутат бұл жағдайға байланысты тиісті органдарға сұрау салып, жағажай иесінің кім екенін анықтап, жауаптыларды заң алдында жауапқа тартуды талап ететінін жеткізді.
Бұл мәселеге қатысты Алматы облысы полиция департаменті жауап беріп, тергеу жұмыстары басталғанын айтты.
"Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция демалыс аймағында құтқару құралдарының, кезекші құтқарушылардың бар-жоғын, сондай-ақ нысанның қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеріп жатыр. Қайтыс болған азаматшаның туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз", – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
"Бірде-бір құтқарушы жоқ": Алакөл жағасында демалушылар қауіпсіздік мәселесін айтып, дабыл қақты
Ақтөбе облысында зейнеткер мен оның немересі суға батып кетті
Еске салайық, бұған дейін Сайран көлінде бір күнде екі адам суға кеткенін жазған едік. Алдымен 25 маусым күні күндіз 17 жастағы жасөспірім суға батып, көз жұмды. Артынша кешкі сағат 19:26 шамасында 1977 жылы туған ер адамның мәйіті судан табылды. Куәгерлердің айтуынша, екінші қайтыс болған азамат алкогольдік мас күйінде, шомылуға тыйым салынған аумақта суға түскен. Алматы төтенше жағдайлар департаменті Сайран көлінде барлық құрылыс және санитарлық жұмыстар толық аяқталып, нысан ресми түрде пайдалануға берілгенге дейін шомылуға қатаң тыйым салынатынын ескертті.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
