Қаңтарда оққа ұшқан төрт жасар Айкөркемнің ісі "өкілетін асыру" бабымен тергеліп, сотқа жіберілмек
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан төрт жасар Айкөркемнің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары аяқталды. Бір адам күдікті деп танылған, іс сотқа берілмек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық сайтына сілтеме жасап.
Бұл жөнінде Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан мәлімдеген. Ол іс "өкілетін асыра пайдалану" бабымен тергелгеніне және бір ғана күдікті болғанына наразылығын білдірген.
Айдос Мелдеханның айтуынша, адвокаты 14 ақпан күні жазылған ескерту хат алған. Хатта тергеу амалдары аяқталғаны, жәбірленуші тарап қылмыстық іс материалдарымен таныса алатыны және қосымша тергеу амалдары туралы өтініш беруге болатыны жазылған. Хатқа ІІМ әскери-тергеу басқармасының оңтүстік аймақ округінің аға тергеушісі Құсайынов қол қойған.
Айқөркемнің әкесі Айдос Мелдехан істі "билік өкілетін асыра пайдалану" (451-бап) бабы бойынша тергеп жатқанына келіспейтінін айтқан.
"Президент аппаратына да, бас әскери прокуратураға да жаздық. Істі 451-баппен жүргізіп жатқанына келіспейміз дедік. Жауап әлі келген жоқ. "Ерекше ауыр" қылмыс санатынан "ауыр" қылмысқа ауыстырған. Олар нені көксеп отырғанын білемін. Ертеңгі күні оған президент жарлығымен рақымшылық жасайды. Болды – ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Іс "адам өлтіру" бабымен тергелсін", - дейді Айдос Мелдехан.
- "Қазақстаннан біржолата көшемін": Қаңтарда 4 жасар қызы қайтыс болған Айдос Меделхан отбасының қазіргі жағдайы туралы айтты
- “Қызымның, Айкөркемнің қаны сатылмайды!”: Қаңтарда 4 жасар қызы қайтыс болған Айдос Меделхан президентке, халықаралық ұйымдарға үндеу жасады
- Халық рухы мен өзгеріске ұмтылыс: Қаңтар құрбандары “Жыл адамы 2022” мәртебесіне ие болды
Ол сонымен бірге қызының өліміне қатысты істе бір ғана адам күдікті деп танылғанына наразы екенін жеткізген.
"Айыпталушылар арасында командир-лейтенант болуы керек. Бірақ атқандарды жауапқа тартпайды. Қандай жағдай болса да, шешімге шағым түсіреміз. Сараптама нәтижесі бір оқ бір мылтықтан шыққанын көрсеткен. Бірақ мылтық кімге тиесілі екенін олар білмейді-міс. Сол себепті бұйрық берген командирді жауапқа тартып жатыр. Айкөркемге тиген оқты таппаған, деформацияға ұшыраған деп айтылады. Жанельге (Айдос Мелдеханның қызы) жеті оқ тиген, біреуін ғана жарамды деп тапқан, қалғаны деформацияланған дейді", - дейді әкесі.
Еске салайық, төрт жасар Айкөркем Мелдехан былтыр 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оның 16 жастағы әпкесі жараланып, ақпанда ауруханадан шыққан. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Балалардың әкесі бұған дейін көліктен әскери оқ тапқанын хабарлаған.
Бұған дейін Айдос Мелдехан әкімдік тарапынан берілген үйге тіркеле алмай жүргенін айтқан.