"Қоғамға қауіпті адам бостандықта жүр": Қаңтар оқиғасында қаза болған археологтың інісі сотталушыны қамауға алуды талап етті (видео)
Алматы гарнизоны әскери сотында Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың өлімі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сотта Қаңтар оқиғасы кезінде болған құтқарушылар мен әскерилер куәлік берді. Сондай-ақ Ерлан Жағыпаровтың інісі Нұрлан Жағыпаров сотталушыны қамауға алуды талап етті. Stan.kz тілшісі сот отырасынан хабарлайды.
Ерлан Жағыпаров (фото отбасылық архивтен) және Нұрлан Жағыпаров (Stan.kz)
Қаңтар оқиғасы кезінде 49 жастағы Ерлан Жағыпаров 6 қаңтарда жоғалып кеткен. 12 қаңтарда оның денесі мәйітханадан қолына кісен салынған, аяусыз соққыға жығылған, жүрек тұсынан оқ атылған күйде табылған.
Бұл істе Ұлттық ұлан 5571 әскери бөлімінің подполковнигі Айтжан Әубәкіров Қылмыстық кодекстің 451-бабы “Билікті асыра пайдалану” бойынша сотқа тартылып отыр.
25 қаңтарда өткен сотта 12 адам куәлік етті.
Фото: Stan.kz
Марқұм Ерлан Жағыпаровтың інісі Нұрлан Жағыпаров айыпталушының бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны қамауға алуды сұрады. Сөзінше, екі адамды өлтірді деген сотталушы қоғамнан алыстатылуы керек.
“Қоғамға қауіпті адам емін-еркін бостандықта жүр. Сотқа көлігімен келеді. Екі адамның өлімі үшін айыпталған адам бейбіт халықтың арасында жүр. Осындай адамдарды азаптауға бейім жан қоғамнан оқшаулануға тиіс”, – деді жәбірленуші.
Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырмады.
Қаңтар оқиғасы кезінде мәйіттерді жинаған құтқару қызметінің жұмысшылары куәлік берді. Құтқарушы Дмитрий Огольчак Республика алаңынан 12 мәйітті жинап алғанын айтты. Ол Жағыпаровтың денесін өз көзімен көрмепті. Алайда қызметкерлерден кісені бар адамның мәйіті болғанын естіпті. Екінші құтқарушы Сәкен Сейсебаев Ерлан Жағыпаровтың денесін өз көзімен көрген.
“Дененің қандай күйде болғанын толық сипаттай алмаймын, бірақ бір қолында кісен болды. Қай қолы екені есімде жоқ, оң қолы-ау. Қара күртеше киген. Түрін көрмедім, себебі жерге қарап жатты. Қасында тағы бір арықтау келген адамның денесі жатты”, – деді ол.
Фото: Stan.kz
Тағы бір құтқарушы қызметкері Юрий Сергеев сол күні Назарбаев даңғылы мен Желтоқсан көшесінен 16 мәйітті жинағанын айтты. Қолында кісені бар адам, яғни Жағыпаровтың денесі есінде қалыпты.
Қаңтар оқиғасы болған уақытта ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" арнайы жасағының командирі болған, полковник Қайырбек Төлеушов Республика алаңында ұсталғандарды ұлттық ұланға табыстап, әрі қарай әкімдікке бет алғандарын айтады.
“Алаңды “тазаладық”, онда бізден басқа ешкімді байқамадық, солай әкімдікке қарай кеттік. Әкімдік маңында ұсталған адамдар сол жердегі ұлттық ұлан бөліміне берілді. Шамамен бес адам ұсталды, нақты есімде жоқ. Ұсталған сәтте оларды тексеріп, пластик кісендер тағылды. Ол бір рет пайдаланылады. Ұсталғандарды өзім нақты көрмедім”, – деді Төлеушов.
Сөзінше, алғашында алаңда адам көп болған. Кейін дыбыс шығаратын құрылғымен ескерту жасағасын көбі ол жерден кетіп қалды дейді. Екіншісінде аспанға оқ атқанын айтады.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқытушысы Қайрат Тыныштықбаев сарапшы ретінде келді. Ол сараптама қорытындысы бойынша оқ марқұмдардың арқаларына атылғанын көрсетті.
Сол кездегі 2-батальон командирі Тұрсынбек Ботаев сол күні алаңға шығу туралы бұйрық алғанын айтты. Сәтпаев пен Желтоқсан көшелерінде баррикада құрылып, соған жасақ құру тапсырылды дейді.
“Сәтпаевтың оң жағында болдым. Әубәкіров, Сағындықов, басқа қызметкерлер оң жағымда болды. Тұман арасынан екі сұлбаны байқадым. Олар көліктердің арасынан жүріп келе жатты. Бізге қарай келе жатқандай болды”, – деді ол.
Сөзінше, Әубәкіров қана адамдарға оқ атқан, қалғаны қызметкерлерге көліктерге атты дейді.
Онымен қоса сотқа екінші марқұм Қапсалановтың әкесі Абатхан Қапсаланов та қатысты. Дегенмен оның адвокаты болған жоқ әрі куәлік те бермеді. Ал Жағыпаровтың інісі куәлік берген әскерилерге күмәнмен қарайтынын айтты. Айтуынша, олар кей фактілерді жасырып отыр. Сонымен қатар соттан шыққан соң тағылған айыппен келіспейтінін және қамауға алу өтініші қанағаттандырылмағанына наразылығын білдірді.
“Адам өлімі болғандықтан, “Адам өлтіру” бабы бойынша қаралуы керек деп санаймын. Бірақ олай ауыстырмайтын сияқты. Себебі сол кезде болған жағдай бар”, – деді ол.
Еске салсақ, Қаңтар оқиғасы кезінде 49 жастағы жоғалып кеткен алматылық азаматтың денесі табылған. Кейіннен оның археолог Ерлан Жағыпаров екені белгілі болды. Ерлан Жағыпаровтың інісі Нұрлан Жағыпаров ағасын атқан адамның белгілі болғанын мәлімдеген еді.