Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу органдары 5 041 істі қарап жатыр

Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу органдарының іс жүргізуінде 5 041 қылмыстық іс бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Бас прокуратура қаңтар оқиғаларына байланысты қылмыстық істердің тергелу барысы туралы хабарлайды. Жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында болған. Әрбір өңірде тергеу топтары тергеу әрекеттерін жүргізіп, олардың аяқталуына қарай қылмыстық істер сотқа жолдануда. Қазіргі кезде тергеу органдарының іс жүргізуінде аталған санатта 5 041 қылмыстық іс бар. Олардың ішінде жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 49 іс, терроризм актілеріне қатысты 45 іс бар", - деді Е. Қилымжанов. 

Елдос Қлиымжановтың сөзінше, Шымкент қаласының прокуратурасы қиратулар, мүліктерді жою және автокөліктерді өртегені үшін, яғни жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу бойынша 8 күдіктінің ісін сотқа берді. 

"Аталған бейнежазбада жаппай тәртіпсіздіктер бейнеленген. Қызылорда облысында осы тектес айыппен 7 адамға қатысты істер кінәні мойындау туралы процестік келісім жасау арқылы сотқа жіберілді. Мұндай істердің сотта қаралу ерекшеліктері жөнінде хабарлап кетсем. Күдікті айыптауға, дәлелдемелерге, келтірілген залалмен дауласпаған кезде және жазаның түрі мен мөлшерімен келіскен жағдайда онымен кінәні мойындау туралы келісім жасалады. Сотта 10 тәуліктен аспайтын мерзімде қаралады және жазаның мөлшері осы баптың санкциясындағы ең жоғары мерзімнің жартысынан аспайды. Бұл рәсім бойынша 3 адамға қатысты үкім қабылданып, жазалар тағайындалды", - деді Бас прокуратура өкілі.

Талқылау