Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жалақысы ең жоғары бос вакансиялар белгілі болды

Айлығы 1 миллион теңгеге жуық жұмыс орындарының тізімі жарияланды. Жобалаушы инженерлердің жалақсы 800 мың теңгеден басталса, жұмыс берушілер өндірістегі база бастықтарына 900 мың теңге шамасында айлық ұсынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: enbek.kz

Қаңтар айында Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 97,3 мың бос жұмыс орнын, ал жұмыс іздеушілер 191,1 мың түйіндеме орналастырды. Өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда бос орындар саны 22,3 мыңға азайды, ал жұмыс іздеушілер саны 132 мың бірлікке өскен.

Жалақының ең жоғары мөлшерін көбіне "үлкен деректермен жұмыс жөніндегі маман" (орта есеппен 1,3 млн теңгеден бастап), "бизнес-процестерді оңтайландыру жөніндегі басшы" (1,2 млн теңгеден бастап), сондай-ақ "өндірістік операциялар жөніндегі инженер" (1,2 млн теңгеден бастап) мамандықтары бойынша жұмыс іздеушілер сұраған.

Ең көп жалақыны жұмыс берушілер өндірістегі база бастықтарына (900 мың теңгеден бастап), жобалаушы инженерлерге (800 мың теңгеден бастап) және бас құрылысшыларға (790 мың теңгеден бастап) ұсынды. 

Өткен айдағы ұсыныстың өсуіне жыл басындағы рекрутингтік процестердің төмендеуі себеп болған. 

Қаңтар айында барлық өңірде жұмыс іздеушілер саны өскен. Ең аз өсім Астанада тіркелді (+3,2 мың түйіндеме немесе желтоқсанмен салыстырғанда 56% көп). Еңбек нарығындағы ұсыныстың өсуінің ең жоғары көрсеткіштерін оңтүстік өңірлер: Қызылорда облысы (+17,2 мың түйіндеме немесе 531%), Шымкент қаласы (+9,7 мың түйіндеме немесе 401%) және Түркістан облысы (+27 мың түйіндеме немесе 358 %) көрсетті.

“Өз кезегінде қаңтар айында жарияланған бос орындар саны алдыңғы аймен салыстырғанда едәуір төмендеген. Оны оңтүстік өңірлерден де байқауға болады: Қызылорда (-4,5 мың немесе -61%) және Түркістан (-7,4 мың бос орын немесе - 48%) облыстарында және Алматыда (-8 мың немесе -47%)", – дейді "ЕРДО" АҚ Стратегия және үлкен деректерді талдау департаментінің басқарма басшысы Камилла Манакова.

Қаңтар айында жоғары білікті мамандарға сұраныс айтарлықтай өскен (45% немесе 9,9 мың бос орынға). Жұмыс берушілер тарапынан орташа білікті мамандарға деген сұраныс өткен жылдың желтоқсан айындағы деңгейден 4% (2 мың бос орын) төмендеді. Бір мезгілде қаңтар айында біліктілігі жоқ қызметкерлерге сұраныстың біршама төмендегені байқалады – 58% (30,2 мың бос жұмыс орны).

"Қаңтар айында ең көп бос жұмыс орындары "білім және тәрбие" (17,5 мың бос жұмыс орны) және "медицина және фармацевтика" (8,5 мың) кәсіптік салаларында жарияланды. Өз кезегінде ЭЕБ-да жұмыс ізеушілер арасында "білім және тәрбие" (17,3 мың түйіндеме) және "ТКШ және абаттандыру" (8,2 мың түйіндеме) кәсіптік салаларының қызметкерлері тарапынан белсенділік байқалды", – дейді Камилла Манакова.

Талқылау