Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Подполковник билігін асыра пайдаланып, екі адамды өлтірді": Қаңтар оқиғасында қаза болған археологтың досы айыпталушыға тағылған айыппен келіспейді

Алматы гарнизоны әскери сотында Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан археолог Ерлан Жағыпаровтың ісі бойынша сот отырысы басталды. Сотта прокурор айыптау актісін оқыған соң, айыпталушы Айтжан Әубәкіров куәлік берді. Жәбірленушінің достары оған тағылған айыппен келіспейді. Сөздерінше, подполковник билігін асыра пайдаланып, екі адамды қасақана өлтірген. Stan.kz тілшісі сот отырасынан хабарлайды.

Қаңтар оқиғасы кезінде 49 жастағы Ерлан Жағыпаров 6 қаңтарда жоғалып кетіпті. 12 қаңтарда оның денесі мәйітханадан қолына кісен салынған, аяусыз соққыға жығылған, жүрек тұсынан оқ атылған күйде табылған. 

Бұл істе Ұлттық ұлан 5571 әскери бөлімінің подполковнигі Айтжан Әубәкіров қылмыстық кодекстің 451-бабы “Билікті асыра пайдалану” бойынша сотқа тартылып отыр. 

Сотқа жәбірленушілер келмеген. Олардың адвокатының айтуынша, Жағыпаровтың анасы баласының қазасынан соң қатты ауырып, сотқа келе алмаған, ал інісі Нұрлан шетелден енді келеді. Яғни келесі сот отырыстарына қатыса алатынын түсіндірді.

Фото: Stan.kz

Прокурор айыптау актісін оқыды. Ол сол күні төтенше жағдай енгізілгенін, қандай тыйымдар болғанын тізіп шықты. Алаңға әскерилер келгенін хабарлады. 

“6 қаңтар 2022 жылы Ұлттық ұлан 5571 әскери бөлімінің подполковнигі Әубәкіров қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін тұлға ретінде жіберілген. 19:30-20:00 Республика алаңында Жағыпаров пен Қапсаланов (қайтыс болған екінші адам) ұсталды. Олар ішкі істер қызметкерлеріне берілген. 22:30-00:30 аралығында Әубәкіров билігін асыра пайдаланған.Тәуелсіздік монументінің жанында Жағыпаров және Қапсалановқа кісен салынған. Кейін олардың физикалық қарсылық таныта алмайтынын пайдаланып, соққыға жығып, тепкен. АК-74 қаруымен арқасын және денесінің төменгі жағын ұрған”, – деді прокурор.

Сот-медициналық сараптамада Жағыпаровтың беті мен кеуде тұсы көгерген, сырылғаны дәлелденіпті.

Ал Қапсалановтың самай жағынан қан кеткен, маңдайы сырылған, мұрны мен сол жағы көгерген, құлағының асты, іші, кеуде тұсы, жамбасына, тізесіне жарақат келген. Сол жақ санына зақым келген.

6 қаңтарда 23:00-00:00-де Әубәкіров полковник Оспанбековтен екеуін жіберу туралы бұйрық алған екен.

“Қолдарынан кісенді шешіп, баррикада жанына шығару туралы бұйрық берілген. Сағындықов Қапсалановтың кісенін шешті де, Жағыпаровтың кісенін шешуге көшкен. Оң қолын босатып, сол қолын шешпек болған кезде Жағыпаров оны итеріп, Қапсалановпен бірге Сәтпаев көшесіне қарай қашты. Осы сәтте Әубәкіров оларды артынан қуып, билігін асыра пайдаланды. Нақтырақ айтса, өз өкілеттілігінен шығып,  ережені өрескел бұзып, қару қолданатынын ескертпей, оқ жаудыртты. Оқ атылғаннан соң жоғарыдағыларға бұл туралы ескертпеген, яғни өлімнің алдын алуға әрекет жасамады. Жағыпаров пен Қапсалановтың шабуылдаушы топтан емес екенін, қаруы жоқ екенін біле тұра, тіпті олардан ешқандай қауіп көрмесе де, қасақана түрде 10 метр қашықтықтан АК-74 қаруымен оқ атты. Салдарынан екі жәбірленуші оқиға орнында мерт болды”, – делінген айыптау актісінде.

Фото: Stan.kz

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша Жағыпаровтың кеудесі мен қолтық тұсына, ішіне оқ тиген. Қабырғалары, иығына жарақат келген, сол жақ иығында гемотракс (өкпе тұсында қан ұю – авт.) болған.

Қапсалановтың да кеудесіне, өкпесіне, асқазанына оқ тиген. 8-қабырғасы, сол жақ кеудесінде гемотракс пайда болған, қабырғасы сынған, асқазанынан қан кеткен.  

Осылайша, айыпталушы Айтжан Әубәкіров жәбірленушілерге көңіл айтқанымен, кінәсін мойындамады. Ол берілген бұйрықты орындағанын және Оспанбеков кісен шешіп жатқанда, “шабуыл басталды” деген хабар келіп, баррикадалардың артына өтіп кеткенін атап өтті.

"Шамамен бір жарым сағаттан кейін бізге қарай "Таран" көлігі келе жатты. Дәл сол сәтте бізге оң жақтан шабуыл жасалды, жаппай оқ жауды. Содан кейін түтін арасынан бірнеше сұлбаны көрдім. Атыс тоқтаған соң сұлбалардан олардың құлағанын көрдім", – деді ол.

Сөзінше, ол аспанға он рет, адамдардың сұлбаларына қарай оқ атқан. Алайда олардың тірі-өлі екенін немесе кімдер екенін тексермедім дейді.

Одан кейін Ерлан Жағыпаровтың досы Асқар Уәлиев куәлік берді. Ол 6 қаңтарда Жағыпаров сағат 19:00-ге дейін қаланың төменгі бөлігіндегі үйде қонақта болғанын айтты. Одан кейін Самал шағын ауданындағы үйіне барыпты. 40 минуттан кейін Жағыпаров оған телефон соғып, оны ұлттық ұлан ұстағанын айтты.

“Мен оған бірнеше мәрте қоңырау шалдым. Алғашында үшеуін көтерді. Телефонда содан кейін ұлттық ұланнан біреу алды. Ол маған боқтық сөздер айтып, “кел, сосын сөйлесеміз” деді. Бірақ құзырлы органда істейтін досым “баруға болмайды, үйден шықпаңдар, ұлттық гвардия ұстаса, таңда жібереді” деген соң бара алмадым. Түнгі 12-ден кейін телефон тұтқасын мүлдем көтермей қойды”, – деді Уәлиев.

Ол досын екі күн іздеп, еш жерден таба алмағанын айтты. 4 күннен кейін амалы таусылып, мәйітханаға барыпты. Сол жақтан досының мәйітін көрген.

“Досымның денесі адам көргісіз күйде болды. Үймелеген мәйіттің арасынан әрең таныдым. Оның иық тұсында темір болатын, сол темірі көрініп тұрып, содан байқадым. Мәйітхананың іші сұмдық. Бір-бірінің үстінде жатқан қазақ жігіттердің мәйітін көрдім”, – деді Жағыпаровтың досы.

Ол айыпталушыға тағылған баппен келіспейді. Екі адам өлімі болған соң, “Адам өлтіру” бабымен қаралғанын сұрайды және бапты ауыстыру бойынша шағым түсіретінін айтты. 

Еске салсақ, Қаңтар оқиғасы кезінде 49 жастағы жоғалып кеткен алматылық азаматтың денесі табылған. Кейіннен оның археолог Ерлан Жағыпаров екені белгілі болды. Ерлан Жағыпаровтың інісі Нұрлан Жағыпаров ағасын атқан адамның белгілі болғандығын мәлімдеген еді.

Талқылау