Қаназдыққа шалдығудың себептері мен одан айығу жолдары
Қанның құрамында темірдің жетіспеушілігі бүгінгі күнде өзекті мәселелердің біріне айналды. Медицина тілінде анемия, яғни қаназдық деп аталатын аурудың бұл түрі жүкті әйелдерде жиі кездеседі екен.
Зерттеулерге қарағанда жүкті әйелдер өзгелерге қарағанда бұл дерттің ауыр түріне оңай шалдығатын болса керек, деп жазады медицина ғылымдарының докторы Жасан Зекейұлы Facebook парақшасында.
Қан аздық – қан құрамындағы қанның қызыл түйiршiктерінiң (эритроциттер) және қызыл қан жасушалары санының азайып, гемоглобин мөлшерiнiң кемуiнен пайда болады. Алғашқы кезде бұл дертке шалдыққан науқастар ештемені сезбейді. Дегенмен, ауру өрши келе тез шаршап, басы айналып, тәбеті бұзылады. Керісінше бұл дертпен науқастанған адамдар бор, топырақ сынды заттарды үнемі жегісі келеді. Көп жағдайларда қан аздыққа шалдыққандардың өңі бозарады. Бұл белгі әсіресе көздің ішкі жағынан тез байқалады.
Сонымен қатар тiстің қызыл етi қанап, тырнағы ағарады. Жиі талып қалуы да мүмкін.
Адамдар жарақаттанғанда, мұрыннан, асқазаннан, жатырдан, тiк iшектен қан кеткенде, iш сүзегiмен сырқаттанғанда қанның тоқтамауы анемияға шалдықтыруы мүмкiн. Созылмалы сырқатқа шалдыққанда, құрт ауруы, iш ауруы және тағы басқа аурулармен ауырғанда, уланғанда қан аздық тіпті де өрши түседі. Қан аздық дертiн қоздыратын басты себеп – Қан құрамындағы қанның қызыл түйiршiктерiн жойып жiберетiн безгек ауруы. Сондықтан мұндай жұқпалы дертке шалдыққан науқастар дәрігердің көмегіне көп жүгінгені жөн. Ал, әйелдердегi қан аздық көп жағдайда, етеккiр келген кезде дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болатын әлсіздіктен және босанғанда қанның тоқтамай көп ағуынан болады.
Балалардағы анемияның пайда болуы олардың iшетiн тамағында темiр тектес элементтердің жетiспеушiлiгiнен, сонымен қатар сәбидi алты айлығынан кейiн қосымша тамақтандырмаудың кесірінен болады. Сондай-ақ, жас балалардың бұл дертке шалдығуына негізінен созылмалы түрде iш өту, олардың паразит құрттарды жұқтыруы, iш сүзегiмен ауруы басты себеп.
Дұрыс әрі уақытылы тамақтанбау да қан аздық ауруына шалдықтырады. Тағам құрамында темiр тектес элементтердің аз болуы бұл дертті тіпті де қоздырады. Сондықтан бұл дертке шалдыққан науқастар құрамында темірі көп өнімдерді көп тұтынғаны жөн. Мәселен, ет, балық, бұршақ, сұлы жармаларын жеген өте пайдалы. Ал, сәбилер үшін ең дұрысы – ана сүті. Сәбилер емшек сүтінен басқа қосымша тамақ іше бастағанда, темірге бай ботқаларды беру керек. Көп жағдайда балаларға шай аз ішкізген жақсы. Ал ересектер темірі бар дәрілермен емделіп жүрген кезде сүт тағамдарынан шектелуі тиіс. Сондай-ақ, тағамды шойын қазан, ыдыстарға пiсiргеннiң де пайдасы көп болады.
Қызылшадағы, щавельдегі, шоколадтағы, сырлардағы фосфаттар мен кока-коладағы, кофедегі кофеин және шайдағы таниндер темір тапшылығына әкеледі әрі темірдің ағзаға сіңуіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан, құрамында темір бар дәрілерді, тағамдарды қабылдаған соң шайды тамақтан кейін бір сағаттан соң ішу керек.
Қан аздық емделмейтін ауру емес. Сондықтан, дерттің асқынбай тұрған алғашқы кезінен бастап, дәрігерге көрініп, кеңесін алған жөн. Өйткені, өз бетінше емделу хауіпті жағдайға апаруы мүмкін. Қан аздықтың неден болатынын анықтап алған соң, дәрігердің кеңесі арқылы дәруменге бай тамақ iшiп, тамақтану кезінде режимдi дұрыс сақтауға тырысыңыз. Денені жаттықтырып, демалысты жақсы ұйымдастыру кез-келген дерттің алдын алады. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы дене әрекеттерімен шұғылданып тұруды әдетке айналдырыңыз.
Жіберіп алмаңыз:
Ғалымдар жақында адамды жасартатын дәрінің шығатытын айтты
Coca-cola ішкен соң ағзада қандай өзгерістер болады
Бетіңізге түскен әжімдер арқылы қай мүшеңіз ауыратынын біле аласыз
Ғылыммен дәлелденген: Ата-анаңызбен қаншалықты көп уақыт өткізсеңіз, олар соншалық ұзақ өмір сүреді