Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында 7 жасар қызды ересек көршісі зорламақ болған жерден құрбысы құтқарып қалды

Алматы облысы Ақсеңгір ауылында жеті жасар қызды зорламақ болған күдіктіге қатысты жаңа мәліметтер шықты. Зәбір көре жаздаған жеткіншектің ата-анасының айтуынша, 49 жастағы көршісі ойнап жүрген қызды алдап шақырып, үйінде бейәдеп қылықтар жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Фото видеодан алынды

Ал ауыл тұрғындары жасы елуге таяп қалған көршісінің былтыр да үш қызды үйіне апарып зорламақ болған деп отыр. Оқиға ауыл балалары жиі жиналып, ойнайтын жерде болған. Жұрттың айтуынша, соны сырттай бақылап тұрған Кәрімхан есімді тұрғын жеті жасар жеткіншекті "тәтті беремін" деп алдап, үйіне кіргізіп алады. Сөйтіп сонда білгенін істепті. Баланың әке-шешесі жүзін көрсетуден бас тартты. Бірақ желіде желдей есіп жүрген "зорлады" деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.

"Көршінің қызына "далада тұра тұр деген. Содан менің қызымды үйге кіргізген. Кіргеннен кейін қолынан жетектеп жатын бөлмеге апарған. Өзі төсекке отырып, қызымды алдына алып, о жер, бұ жерін сипалап ұстаған. Қызымның айтуынша, біраз уақыт ұстап отырған соң жанына түсіріп қойып, өзінің шалбарын тізесіне дейін түсірген. Сосын "менікін көресің бе?" деген”, – дейді қыздың анасы.

Абырой болғанда сол сәтте сыртта күтіп тұрған өзге қыз қақпадан кіріп қалған. Сөйтіп көршісі сасқанынан қыздың қолына екі алманы ұстатып, үйден шығарып жіберген дейді. Ерсі қылық танытып жүрген азамат алыстағы адам емес. Қыздың шешесі онымен 12 жыл араласқанын, әрі талай мәрте дастархандас болағанын айтады. Күдіктінің әйелі мен екі баласы бар екен. Өзі мал саудасымен айналысады.

"Жанындағы қыз болмаған жағдайда не боларын білмеймін. Елестете алмаймын. Сол үшін жазасын тартып, жанымыздан көшіп кетсе екен", – дейді қыздың анасы. 

Оның қатаң жазаға тартылып, көшіріп жіберуін жалғыз қыздың ата-анасы ғана емес, ақсеңгірліктер де талап етіп отыр. Өйткені 50-ге таяп қалған көршісінің ауылдағы қыздарға анайы қылық танытып жүргені алғаш рет емес дейді. 

"Былтыр бір жылдың ішінде үш қыз баланы зорламақшы болған. Бәрі 14, 15, 16 жас аралығындағы қыздар. Елдің бәрі қарсы шыққанбыз. Бірақ қыздардың ата-аналары, ауылдың ақсақалдары "болды" деп, біржола кешірім беріп, жылы жауып қойғанбыз. Соның зардабын биыл көріп отырмыз. "Ақсеңгір ауыл бірлігі" деген топ бар. Сол топта такси шақырып, кім қайда бара жатыр, не істеп жатыр, бәрі айтылып тұрады. Соны пайдаланып, кім қайда кетті, кімнің үйінде адам жоқ дегенді осыдан біліп отырған ғой”, – дейді Нұрғали Өндірқанұлы.

Өткен аптада болған оқиғаға қатысты полицейлер тергеудің жүріп жатқанын жеткізді. Қозғалған бапқа сәйкес, күдікті 20 жыл немесе өмір бойы темір торға тоғытылуы мүмкін. 

"Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда дереу тіркелді. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1974 жылғы К. есімді күдікті азаматты ұстады. Сот санкциясымен ұсталған адам сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде екі ай мерзімге қамауға алынды”, – дейді Жамбыл ауданы ПБ бастығының орынбасары Ғалым Нариманұлы.

Зәбір көре жаздаған жеткіншектің жақындары күдіктінің анайы қылық танытқанымен, жыныстық сипаттағы зорлық болмағасын іс жылы жабылып кете ме деп қорқады. Олар күдіктінің былтырғы ерсі қылықтарын ескеруін сұрап, қатаң жазаға тартуын талап етіп отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысында 49 жастағы ер адам кішкентай қызды зорлады деген күдікке ілінгені туралы жазған болатынбыз. 

Талқылау