Қамауға алынған бизнесмен Тоқмәдидің келіншегі тағы бір мәлімдеме жасады
Қамауға алынған бизнесмен Мұратхан Тоқмәдидің келіншегі Жәмила Айымбетова қоғам мен БАҚ-қа арнап үндеу жасады. Бұған Тоқмәдидің туысының ол туралы “ащы шындықты” жайып салуы себеп болыпты.
“2017 жылы 12 маусымда күйеуімді тұтқындады, ал 15 маусымда 2 айға қамауға алды. Біздің үйді тінту кезінде кірген тергеуші, арнайы жасақ, орган қызметкерлерінің бәрі тапаншамен қаруланып жүрді. Бұл кезде не адовкаттарды, не туыстарды үйге кіргізген жоқ.
Кейін оған әлгі қаруларды заңсыз сақтаған деген айып тағылды. Оның алдында ҚР ҚК 194 бабы “бопсалау” бойынша айыпталған”, – деп жазады Жәмила Айымбетова Фейсбуктегі парақшасында.
Оның айтуынша, қазір тергеу тобы бизнесменнің туыстары мен қызметкерлерден белсенді түрде сұрау алып жатыр. Бұл ретте тергеушілер тарапынан қысым көрсетіліп жатқан көрінеді. Олардың ыңғайына көнбеген жағдайда ұйымдасқан қылмыстық топтың қатарына енгізіп жіберемін деген сыңайдағы қысым жасалған дейді Жәмила. Сонымен қатар, екі апта бұрын жабьық сот өткізіліп, бизнесменнің отбасының, жақын туыстарының, тіпті жәй таныстарының да бүкіл мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарылған.
Ал Тоқмәди туралы “ащы шындықты” айтқан видеоны ол жалған дейді. Айтуынша Бекенді күштік құрылымдар Мұратханды алып кеткен соң үш күннен кейін түнде тұтқынға алған.
“Тұтқындау кезінде үйден ештеңе таппады, бірақ, оның ұсталғаны туралы отбасына хабарлаған жоқ. Бекенді белгісіз бағытқа алып кетті. Ал туыстары оны үш күннен соң уақытша тергеу изоляторынан тапқан. Ал ол кезде Бекен тергеушілермен бірігіп, Мұратханға қарсы шығатын мәндегі жауаптар беріп қойған. Және адвокаттан бас тартыпты. Менің күйеуімнің адвокатының айтуынша, Бекеннің үйінен Мұратханға тиесілі қару табылған көрінеді”, – дейді ол.
Жәмиланың айтуынша, Бекен орыс тілін онша білмейтіндіктен осыншалықты ұзақ сөйлемді өте сауатты айтуы мүмкін емес екен. Осылай деген келіншек соңына дейін күресуге уәде беріп отыр.
Еске салсақ, күштік құрылым өкілдері дүйсенбі, 12 маусымда, Алматыдағы арнайы операция барысында Қазақстандағы ірі зауыт “ҚазШыныҚұрылыс” директоры Мұратхан Тоқмәдиді ұстады. Кейін оның қызы да оқиғаның қалай болғанын баяндап берген болатын.
Жәмила Айымбетова бұған дейін де ҰҚК ұстап әкеткен бизнесмен күйеуінің ісіне байланысты үндеу жолдаған еді.
Оқи отырыңыз:
Шымкентте 600 миллионан астам теңгеге тұрғызылған спорт кешені жабылудың аз-ақ алдында тұр