Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қамалжан Надыров не себепті қызметтен кеткенін түсіндірді

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кеткен Қамалжан Надыров басқа жұмысқа ауысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қамалжан Надыров желідегі парақшасында қызметінен кетіп бара жатқаны туралы жазба қалдырды. 

"Басқа қызметке ауысуыма байланысты, мен Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы қызметімді тоқтатамын. Алматыда жұмыс істеген қысқа мерзім ішінде қала әкімінің қолдауы мен толыққанды араласуының арқасында біз көптеген жұмыстарды жүзеге асырдық. Денсаулық сақтау жүйесі пандемияда жұмыс істеуге толық бейімделген, қаланың медициналық ұйымдары COVID-19 эпидемиясының түрлі сценарийлеріне дайын", - дейді Қамалжан Надыров.

Ол қалалық денсаулық сақтау басқармасында үлкен тәжірибе жинағанын айтып, Алматының пандемиямен күресте үздік екенін жеткізді. Енді Надыров өзін жаңа қызметте сынап көретін болады.

"Жинақталған тәжірибе алдағы жұмыста пайдалы болатыны сөзсіз. Эпидемия басталғаннан бастап Алматы қаласы табандылықты, ұйымшылдықты және үлкен ынтымақтастықты көрсетті деп айту керек. Біз аурудың жоғары өсу қарқынынан қазіргі тұрақтылыққа бірге қол жеткіздік. Шілде айындағы қиындықтарды бірге жеңе алдық. Жағдайдың тұрақтануы алматылықтар мен біздің денсаулық сақтау қызметкерлерінің ынтымақтастығының нәтижесі деп білемін", - деп жазды Надыров.

Еске салсақ, осыған дейін Қамалжан Надыров Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы қызметінен кеткені туралы жазған болатынбыз.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2020 15:37
Талқылау