Қала орталығында ілініп тұрған ту жыртылып қалғаны үшін шенеунік айыппұл арқалады
Фото: akorda.kz
Ақтөбенің орталық көшелерінің бірінде ілініп тұрған мемлекеттік ту жыртылып қалғаны үшін жауапты лауазымды тұлғаға хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Мұнымен келіспеген шенеунік сотқа жүгінгенімен, аппелияциялық алқа бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбедегі Сәңкібай батыр даңлығында ілініп тұрған мемлекеттік тудың жыртылып қалғанын алғаш болып 26 қаңтарға қараған түні блогер Олжас Селбаев байқап, полицияға хабарлаған. Бұл жайттан қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Болат Серікбаев та хабардар болады.
Ол туды келесі күні ауыстыртады. Соған қарамастан әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, оған 196,6 мың теңге айыппұл салынады. Хаттама 28 қаңтарда толтырылған.
Серікбаев тудың ауыстырылғанын алға тартып сотқа жүгінеді. Ол мәдениет министрінің мемлекеттік туды бір күн ішінде ауыстыруды қарастыратын бұйрығын назарға алуды сұрайды.
Дегенмен шенеуніктің бұл әрекетінен ештеңе шықпады. Заңға сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылықтың мән-жайларын, құқықбұзушының жеке басын немесе іс қозғалған заңды тұлға туралы мәліметтерді қосымша нақтылау қажет болған жағдайларда, көрсетілген мән-жайлар анықталған күннен бастап үш тәулік ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады. Судья осыны ескерген.
Аппеляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын өзгеріссіз қалдырды.

“Кадрда көрінбеуің керек": "Жайдарман" ойындарын көруге барған қазақстандық ару орамалы үшін қысымға ұшыраған
