Қала әкімі кабинетінде көңілдесін соққыға жықты деген күдікке ілінген: Прокурор шенеунікке айыппұл салуды сұрады
Фото: Stan.kz
Ақтөбе облысында Қандыағаш қаласының әкіміне қатысты сот жалғасуда. Прокурор шенеунікті әйелді соққыға жығу дерегі бойынша кінәлі деп танып, айыппұл салуды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр көңілдесінің арызы бойынша күдікті деп танылған. Әйел шенеунікті өз кабинетінде қол көтергенін, тұншықтырып және жұдырықпен ұрғанын айтып шағымданды. Оқиғадан кейін әйел дереу ауруханаға жүгінген.
Сотта әйел шенеуніктен моральдық зиян үшін 500 мың теңге және адвокат қызметі үшін 300 мың теңге өндіріп алуды талап етті. Сот талап арызды қарауға қабылдады.
Қала әкімі кінәсін мойындаудан бас тартты.
"Бұл әйелмен қарым-қатынаста болғаныма өкінемін. Қазір отбасымның алдында жауап беріп жатырмын. Мені ақтауды сұраймын", – деді шенеунік сот барысында.
Прокурор соттан шенеунікті кінәлі деп танып, оған 80 АЕК (314 560 теңге) көлемінде айыппұл салуды талап етті.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында қала әкімі көңілдесімен болған жанжалдан соң соттасып жатқаны туралы жазған едік.

2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
