Қазақстандағы ең қымбат қақпашылар: Үздіктер тізімін Қайраттың үш бірдей қақпашысы бастап тұр
Соңғы уақытта отандық футболда қақпашылардың ойыны ерекше көзге түсіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Осыған орай біз Қазақстандағы трансферлік құны жоғары алты қақпашыны анықтадық. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бекхан Шайзада – 500 000 € (≈ 255 000 000 ₸)
“Ордабасы” клубының 27 жастағы қақпашысы. Ол “Ордабасы” сапында 15 жыл ойнап, клубта ең көп матч өткізіп рекорд жаңартқан.
Фото: “Ордабасы” ФК
2018 жылдың 6 қазанында Қазақстан Премьер-лигасындағы алғашқы ойынын өткізді. 2020 жылы Қазақстан жастар құрамасы сапында Испания мен Фарер аралдарына қарсы екі ойында алаңға шықты. Дәл сол жылы бас бапкер Талғат Байсуфинов футболшыны Қазақстан ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына шақырды, алайда ресми матчтарға қатысқан жоқ. 2023 жылы “Ордабасы” сапында Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді.
Темірлан Анарбеков – 400 000 € (≈ 204 000 000 ₸)
“Қайрат” футбол клубының 22 жастағы қақпашы. “Қайрат” Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде Селтикке қарсы ойында үш рет пенальти қайтарып, алматылық клубты тарихи жеңіс сыйлады. Нәтижесінде “Қайрат” Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды.

Фото:”Қайрат” фк
2017 жылы "Қайрат" академиясына қабылданған. 2020 жылы Премьер-лигада дебют жасады. 2022 жылы "Қайрат-Жастарының" капитаны болды. 2024 жылы "Жеңіс" клубында жалға ойнады. 2025 жылы "Селтикке" қарсы Еурокубоктарда және қыркүйек айында Қазақстан құрама сапында алғаш рет алаңға шықты.
Мұхаммеджан Сейсен – 400 000 € (≈ 204 000 000 ₸)
“Ордабасы” клубының 26 жастағы қақпашы. 2024 жылы “Астана” сапында Еуропалық конференция лигасының негізгі кезеңнің үшінші турында Пафосқа қарсы матчта 13 сейв жасап, үздік ойыншы отанды. Дәл сол ойында Астана 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Фото:Kff_team
"Тараз" клубының түлегі. Спорттық мансабын 2018 жылы осы клубта бастаған. Қазақстанның жастар құрамасында ойнаған. Ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын 2021 жылы 4 маусымда Солтүстік Македонияға қарсы өткізді. "Тараздан" бөлек, "Ордабасы", "Астана" және "Тараз-Қаратау" клубтарында өнер көрсетті. 2018 жылғы Бірінші лиганың күміс жүлдегері.
Александр Заруцкий – 350 000 € (≈ 178 500 000 ₸)
“Қайрат” футбол клубының 32 жастағы тәжірибелі қақпашы. “Қайраттың” Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде қақпаны сәтті қорғады. Осылайша Алматылық клубтың Чемпиондар лигасына жалпы кезеңіне жолдама алуына зор септігін тигізді.
Фото:”Қайрат” фк
Кәсіби карьерасын 2011 жылы "Шахтёр" (Қарағанды) клубында бастаған. 2013 жылы негізгі құрамда дебют жасап, клубта 3 маусым ойнады. 2019 жылы "Атырау" клубына ауысып, кейін "Иртыш" (Павлодар) құрамына қосылған. 2020 жылы "Қайсар" (Қызылорда) командасына өтті. 2021 жылдан бері "Астана" клубында және Қазақстан ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Қазіргі уақытта "Қайрат" клубы мен ұлттық құраманың қақпашысы.
Қажымұқан Төлепберген – 250 000 € (≈ 127 500 000 ₸)
“Оқжетпес” клубының 25 жастағы қақпашы. Қазақстан премьер-лигасының 2025 жылғы маусымында 6 ойын өткізіп, сейвтер саны бойынша 3.1 (66%) үздіктер қатарына енді.
Фото:”Оқжетпес” фк
Мансабы 2018 жылы басталды. 2022 жылғы 25 қазанда "Аксу" клубына қарсы ойында ол Қазақстан Премьер-лигасында "Мақтаарал" командасы сапында дебют жасады (2:2). "Мақтаарал" командасымен ол 2021 жылы Қазақстан Бірінші лигасының күміс жүлдегері атанды. Кейін "Ордабасы" командасында ойнап, 2022 жылы Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Ал 2023 жылы Қазақстан чемпионы атанды.
Шерхан Қалмырза — 250 000 € (≈ 127 500 000 ₸)
“Қайрат” клубының 18 жастағы жас қақпашысы. Шерхан Қалмұрза Чемпиондар лигасында пенальти қайтарып, УЕФА жылнамасына енді. Ол – турнир тарихында он сегіз жасқа жетпей-ақ 11 метрлік соққыны қайтарған ең жас голкипер атанды. Нәтижесінде Қазақстандық қақпашы Икер Касильяс сияқты аңыз футболшыны артта қалдырды.
Оған қоса Қалмырза Лигадағы ең жас қақпашылардың үздік үштігіне енді.
Фото:”Қайрат” фк
“Қайрат” академиясының түлегі. Қазақстанның 17 жасқа дейінгі құрамасының мүшесі. Қайраттың жастар құрама сапында ойнайды. “Қайрат" жастар сапында екі мәрте Қазақ жастар лигасының чемпионы атанды. "Қайрат" сапында тұңғыш рет 2025 жылдың 14 қыркүйегінде "Ақтөбеге" қарсы ойында бірінші таймда қосалқы құрамнан жарақат алған Темірлан Анарбековтың орнына алаңға шықты. Арада төрт күн өткен соң УЕФА Чемпиондар лигасындағы тұңғыш ойынын сырт алаңда "Спортингке" қарсы өтізді. Матч барысында пенальти қайтарса да, "Қайрат" 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша Чемпиондар лигасы тарихындағы үшінші жас қақпашы атанып, Икер Касильясты артқа тастады.
Алматылық “Қайрат” клубы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңде ойнағалы бері қақпашылардың ойынын жанкүйерлер арасында жоғары бағалауда. Алайда спорт комментаторы Бегасыл Сейітханның пікірінше, қақпашылардың жиі көзге түсуі — құраманың қорғаныс шебінің әлсіздігін білдіреді.
“Қақпашылардың көзге түскені, жақсы шығар. Бірақ мен мұны жақсы белгі деп ойламаймын. Себебі бұл ойынның әлсіздігін білдіреді. Өзім Қазақстан Премьер-лигасының бірінші және екінші лигасын жүргізіп жүрмін. Егер қақпашыға соққы жиі бағытталса, бұл — ойындағы тепе-теңдіктің жоқтығын, яғни команданың қорғаныс шебінің әлсіздігін көрсетеді”, – дейді Бегасыл Сейітхан.
Сарапшының айтуынша, әр қақпашының өзіндік жарқырайтын кезеңі болады. Сондықтан үздік бес қақпашыны нақты анықтау қиын. Себебі кейбір қақпашылар маусым барысында өз қақпасына 30-ға жуық гол өткізіп алған.
“Топ бес қақпашы туралы айтсақ, Темірлан Анарбековті атап өтуге болады. Алайда нақты орындарға бөліп айту қиын. Әр қақпашының өз жарқырайтын кезеңі бар. Мысалы, Александр Заруцкий жарақат алғанға дейін өте жақсы ойнады. Сондай-ақ Мұхамеджан Сейсен мен Бекхан Шайзада да әлеуеті жоғары қақпашылардың қатарында. Сонымен қатар “Елімайдың” қақпашысы Максим Коваль мен “Тобылдың” қақпашысы да тұрақты әрі сенімді ойын көрсетіп жүр. Ал кейбір командаларда жағдай керісінше. Мысалы, “Астана” командасы өз қақпасына 30 гол өткізіп алған. Сондықтан үздік бестікті нақты атау оңай емес. Дегенмен бұл тізімге “Жеңіс” командасының қақпашысын да қосуға болады”, – дейді ол.
“Қайрат” қақпашыларының ерекше көзге түсуі туралы да пікір білдірген сарапшы, бұл жағдайға УЕФА Чемпиондар лигасының әсері бар екенін бұған қоса “Қайрат” академиясы — ТМД-дағы үздіктердің бірі екен айтуда.
“Әрине, мұнда Чемпиондар лигасының әсері зор. Бірақ мен Темірлан Анарбековты бұрыннан білемін. Ол “Жеңіс” сапында және Қазақстанның U-21 құрамасында да керемет ойын өрнегін көрсетті. Темірлан — “Қайрат” академиясының түлегі және бұрыннан жоғары деңгейдегі қақпашы ретінде танылған ойыншы”
Бегасыл Сейітхан қазіргі уақытта әлеуметтік желілердің дамуы футболшылардың танымалдығына үлкен әсер еткенін де атап өтті:
“Темірлан тек “Селтикке” қарсы ойында ғана пенальти тойтарған жоқ. Ол бұған дейін де талай пенальти қайтарған. Тек сол кезде TikTok, Instagram сияқты әлеуметтік желілер қазіргідей дамымаған еді. Қазір футболға қызығушылық әлдеқайда артқан. Шынын айту керек, сол уақытта халық футболға қазіргідей қатты қызыққан жоқ. Санаулы ғана жанкүйерлер болды. Ал қазір бәрі футболға ерекше ықыласпен қарайды. Сол себепті көпшілік сол бір жарқын сәттерді ғана естерінде сақтап қалған шығар”
Комментатор “Қайраттың” жас қақпашысы Шерхан Қалмұрзаға да баға берді.
“Шерхан Қалмұрза — ондай бір керемет қақпашы емес, бірақ бойында потенциал бар. Мен “Қайрат” жастар құрамасының ойындарын да жүргіземін. Бірақ Шерхан Қалмұрза ондай бір керемет қақпашы емес. Өз басым "Қайрат" жастарының ойынында жүргіземін. Маусым басында Шерхан Қалмұрза ойындарына куә болдым. Ондай бір қақпаға керемет тұратын қақпашы емес негізі”
Сарапшы “Қайрат” академиясы туралы ел арасында айтылатын “байдың балалары ғана оқиды” деген пікірді жоққа шығарды.
“Бұл — мүлде қате пікір. "Қайрат" академиясы ТМД бойынша ең мықтылардың бірі. Мұнда тәртіп өте қатал. Шылым шеккен спортшыны клубтан шығарып жібереді. Байлық немесе таныстық рөл ойнамайды. Академияға түсу — шетелге оқуға түсумен тең.”
Сондай-ақ ол “Қайрат” академиясындағы бәсекелестіктің жоғары екенін атап өтті.
“Көпшілік Шерхан Қалмұрзаны сынауға қорқады, бірақ академияда одан да мықты қақпашылар бар: Мадияр Төлеубек, Дияс Реиймов секілді жастар. Дегенмен Шерхан да нашар емес, тек өсу қарқыны жылдамырақ болуы керек. Танымалдық оған кері әсер етпеуі қажет.”
Сөз соңында Бегасыл Сейітхан “Қайраттың” негізгі қақпашысы Александр Заруцкийдің еңбегін жоғары бағалап, оның маусым бойғы тұрақты ойынын ерекше атап өтті.
“Александр Заруцкийдің еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Футбол сарапшылары Александр Заруцкийдің еңбегін жоғары бағалайды. Ал "Қайрат" Чемпиондар лигасына шыққаннан кейін ғана жанкүйер бола бастаған адамнан Заруцкийдің еңбегі туралы баға сұрау қате деп ойлаймын. Ондай адамның бірі Александрдың еңбегіне әсерін тигізбеу керек. Ол маусым бойы тер төгіп, қаншама қиын сәттерде құраманы құтқарды. Жалпы адам мақтау мен күйбеңге салынбау керек. Біз маусымды жыл сайын көреміз. Сол себепті Заруцкийдің еңбегі еленбей қалды деуге келмейді. Әрине көлік бермеген шығар. Оған бола ренжудің қажеті жоқ. Оның жалақысы жаман емес, кім біледі тапқан таянғанын қайда жұмсайтынын. Бірақ әріптестерімнің айтуы бойынша самокатпен жүреді. Өз басым көрген жоқпын. ”, – деп күлді ол
Авторы: Ақерке Өмірхан