"Баспана беруді сұраймын": Желтоқсаншы 39 жыл бұрынғы қудалауды қалай дәлелдеп бергенін айтып берді
Фото: Stan.kz
Ақтөбе соты 39 жыл бұрынғы оқиғаға қатысты қаулы шығарды. Сот Дүйсенғали Бозжігітовті Желтоқсан оқиғасының құрбаны деп таныды. Желтоқсаншы енді моральдық-материалдық шығын өндіру туралы азаматтық арыз дайындап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
64 жастағы Дүйсенғали Бозжігітов Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ол Желтоқсан оқиғасына қатысқан, сол кезде қуғынға ұшыраған, 1986 жылғы студенттердің бірі. Желтоқсаншы 39 жылдан кейін өзіне заңсыз қысым жасалғанын дәлелдеп шықты.
“Желтоқсан оқиғасының құрбаны екенім сотпен дәлелдедім. Барлық құжаттарды тапсырдым. Енді азаматтық сотпен материалдық-моральдық талап қоямыз. Оның көлемін қорғаушымен ақылдасамын. Баспана беруді сұраймын”,- деді Дүйсенғали Бозжігітов.
Желтоқсаншы 2017 жылы Алматы қаласы прокуратурасымен саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылған. 2025 жылы шыққан Ақтөбе сотының шешімі осы анықтама сүйенген. Өтініш осы құжат негізінде қанағаттандырылды.
“Желтоқсан оқиғасы мені ғана емес, әке-шешемді, әйелімді де қорлады. Ештеңе айтпайтын. Бізді қағазға ештеңе жазбай-ақ қудалады. Ол кезде ешкім қарсы шыға алмайды. 1986 жылғы оқиғадан кейін мені Алматыдан шығарып жіберді. Ауылға да бара алмадым. Атырау облысының Мақат деген жердің тумасымын. Еш жер жұмысқа алмады. Кейін Ақтөбеге келдім. Темір жол саласында депода 2 жылдай жұмыс істедім. Тоқсаныншы жылдары Алматыға барып, оқуымды аяқтадым. Кейін күзет қызметінде жасадым. Сол жақтан зейнетке шықтым. Отбасым Астанада, өзім Ақтөбеде жатақханада тұрамын”,- деді ол.
Іс Ақтөбе қаласының № 3 сотында қаралды. Сотпен саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылған желтоқсаншы енді азаматтық арыз түсірмекші. Онда қуғынға ұшыраған кезде келтірілген моральдық- материалдық шығын анықталады.
Іс материалдарына сүйенсек, Дүйсенғали Бозжігітов 1984 жылдың қараша айында ҚазМУ-дың "саяси экономика" мамандығы бойынша дайындық бөлімінің тыңдаушыларының құрамына қабылданады. 1985 жылы тамыздың 22-сі күнгі бұйрықпен философия-экономика факультетінің күндізгі курс студенті атанған.
Желтоқсан оқиғасы кезінде, яғни 23.12.1986 жылы 2 курс студенті “қоғамдық тәртіпті бұзды” деген айыппен университеттен шығарылған. 1986 жылы оны Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде полиция ұстайды.
Іс "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы "Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңының 1-бабына сәйкес қаралды. Онда белгіленген тәртіппен саяси қуғын-сүргін құрбаны деп тану, оның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, келтірілген моральдық немесе материалдық залалды өтеу қарастырылған.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
