Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қабырғасы қақырап, төбеден су сорғалайды": Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары апатты үйді жөндеуді талап етті

Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылында 25 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген апатты үйдің тұрғындары шу шығарды. Сөздерінше, қабырғасы қақырап, төбесінен су сорғалайтын баспаналар тұруға жарамсыз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Кеңкияқтықтар жаңбыр жауса, шатырдан су ағатынын айтып, облыс әкімінен көмек сұрайды. Ауыл халқы енді мәселеге көз жұмып отыра алмаймыз дейді. Өйткені күн өткен сайын үйдің іргетасы отырып, қабырғалар сөгіліп, сылағы түсіп жатыр екен. Тұрғындардың айтуларынша, жергілікті биліктің өкілдері жөндеу жүргізбейді. 

“Ешқандай көмек болып тұрған жоқ. Өзім тоғыздан кейін баланы шығармаймын. Балалардың басына тас түсіп кетеді деп қорқамын. Жаңбырлы күні шықпаймыз. Бірақ жаңбырлы күні үйде отыру мүмкін емес. Үйіміз ылғалданып кеткен”, – деді Кеңқиық ауылының тұрғыны Гауһар Мұқанова.

“Үйлердің көбі тұруға жарамсыз. Үстіміздегі көп тұрғын пәтер жалдап кетуге мәжбүр. Болмаса туған-туыстарының үйін паналап жүр. Биылғы жаздың жаңбырының өзінде бірталай зардап шектік. Үстіңгі қабаттан аққан су төменгі қабатқа дейін келіп, бүкіл тоқтарымыз жанып кетті”, – деді кеңқияқтық Гүлдана Тұрғалина. 

10-ға жуық үйдің уайымы – осы. Салынғанына 60 жылдан асып кеткен баспанада тұратындардың көбі – көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар мен зейнеткерлер. 

“Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамымен 11 үйге көпқабатты үйге демеушілікпен жөндеу жүргізу жөнінде меморандум болды. Сол келісім негізінде былтыр үш үй жөнделді. Үстіміздегі жылы осы акционерлік қоғам өкілдері тағы да үйлерді бастаймыз деп отыр. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып жатыр”, – деп мәлімдеді Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Қуанышбек Серікжанов.

Әкімдіктің мәліметінше, Кеңқияқ ауылында жалпы саны 38 көпқабатты үй бар. Олар баспаналарды жаңарту келесі айда басталады деп отыр.

Талқылау