Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қабырғалары сөгіліп, жел соғып тұр": Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындар берілген баспаналардың сапасына шағымданды

Петропавл тұрғындары тасқыннан зардап шеккендерге берілген баспаналардың сапасына шағымданды

Видеодан скрин

Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге берілген баспаналарда тұру мүмкін емес деп шағымданды тұрғындар. Былтыр ғана үлестірілген үйлер бір қысқа шыдамаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Тұрғындардың сөзінше, үйлердің қабырғалары сөгіліп кеткен, тіпті жел үріп, үйдің іші аңырап кететін көрінеді. Жұрт жаздан бері жағдайларын айтып, мердігерге де, әкімдікке де барған. Алайда мәселе әлі күнге дейін шешілмеген. 

Былтырғы тасқыннан жалғыз баспанасы суға кетіп, Петропавлдан жаңа үй алғандардың бірі - Максим Черников. Тұрғын үш айда салып берген баспана бір жылға жетпей қирап жатыр дейді. Қабырғасы қақарып, терезеден жел азынап тұратын үйде күн көру мүмкін емес дейді.

Үйлердің сапасыз салынғанын халық жазда-ақ байқаған. Сол сәттен бері мердігерге де, әкімдік өкілдеріне де сан айтыпты. Бірақ бір қысқа да шыдамаған шаңырақты қайта қалпына келтіру мәселесімен айналысатын адам жоқ. Ал жаңа үйлердің кепілдік мерзімінің аяқталуына небәрі жарты жыл уақыт қалыпты.


Зейнеткер Перизат Қайраттан су тасқыны кезінде аударған 1 миллион теңгесін қайтарып беруді талап етті


“Салқындау үй. Үйдің ішінде жел соғып тұратын сияқты. Өйткені төбе дұрыс қапталмаған. Шағымдандық. Ешкімнен көмек болған жоқ. Екі рет келіп қарап кетті нәтиже жоқ”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Қарашаш Майқанова.

Тұрғындармен кездесіп, жаңа үйлердің жағдайын көруге қала әкімі де келді. Басшының айтуынша, кейбір үйлерде ғана аздаған олқылықтар анықталған. Барлығы жақын күндері жөнделеді деп сендірді.

“Барлығы жаман деп айтуға болмайды. Кейбір үйлерде олқылықтар анықталып жатыр. Бірақ бұл үй құлайын деп тұр деген сөз емес. Ұсақ-түйек жөндеу жұмыстарын жүргізу керек жағдайлар бар. Жер үй болған соң іргетасы отырып, қабырғалары қозғалады. Оның барлығын бригада құрып, реттейтін боламыз. Алаңдауға негіз жоқ”, – дейді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.

Еске салсақ, БҚО-да қайырымдылық қордың басшысы су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған ақшаға автокөлік сатып алғанын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 18 Қараша, 2025 22:48
Талқылау