Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық көршісін үйіне іздеп барып, оны өлі күйінде тапқан: Ақыр соңында қылмыстағы басты күдіктіге айналды

Фото: Азиза Омарованың жеке архивінен / Сотталушы Мақсұт Омаров

Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында ауыл тұрғынының өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс төңірегінде жаңа даулы деректер пайда болды. Қорғау тарабы мен туыстары сотталушы Мақсұт Омаровқа қатысты тергеу барысында өрескел заңбұзушылықтар болғанын, полицейлер дәлелдерді қолдан жасап, күдіктіні азаптағанын айтады. Stan.kz тілшісі айыпталушының қызы Азиза Омароваға хабарласып, істің шын мәнінде қалай болғанын сұрап білді.

"Түсініктеме берілмеген, бейнежазба болмаған"

Іс материалдарын зерделеу бұл жағдайға байланысты көптеген сұрақтың бар екенін көрсетеді. Айыптулышының қызы жағдайдың қалай басталып, өрбігенін айтып берді.

"12 сәуірде әкем жұмыс бабымен көршісінің үйіне барған. Үйге кіргенде көршісін қансырап жатқан күйінде тауып, шошып, бірден қашып шығып, полиция шақырады. Полиция келген соң оны сұраққа тартып, кейін өздері әкемнің үйіне барып, ауласын тексере бастайды. Негізі оқиға орны көршінің үйі болуы керек еді, себебі әкем марқұмды сол жерде тапқан. Тексеру кезінде әкемнің үйінен екі пышақ табылып, полиция "Бұл пышақтар сіздікі ме?" деп сұрағанда, әкем "Иә, менікі. Бұлар күнделікті қолданатын пышақтар" деп жауап берген. Ол отын шапқанда ағаш қабығын кеседі, соғымшы болғандықтан кейде иттерге бауыр кесіп береді, яғни бұл пышақтар тұрмыста қолданылатын, әрқашан қолжетімді заттар еді", – деді Азиза Омарова.

Азиза Омарованың сөзінше, полиция пышақтарды алып кеткеннен кейін, әкесін әкімдікке жеткізген. Сол кезде пышақтар тиісті тәртіппен рәсімделмеген. Тіпті заттарды тәркілемеген, түсініктеме, бейнежазба болмаған, тек бірнеше сурет қана түсірілген. Әкесі де, отбасы да рәсімдеудің қалай жүріп жатқанын көрмеген. 

"Бір күнде экспертизаны қалай жасап шығарады?"

Келесі дүйсенбіде ғана әкесіне "пышақтар осылайша алынды" деген қағаздар берілген. Азиза атап өткендей, әкесін қайтадан ауылдағы әкімдікке алып бару оның тұрмысына қосымша қысым жасаған.

"Онда, шамасы, учаскелік полиция қызметкері мен ауданнан келген тергеушілер отырса керек. Солар әкемді бір жарым тәулік ұстайды. Осы уақыт ішінде олар әкеме"мойында", "қылмысты жасағаныңды айт" деп қысым көрсеткен. Келесі күні, яғни жексенбіде, олар әкеме пышақтарды қанмен, пакетке салып алып келеді де: "Міне, экспертиза, бұл Тілеубергеновтің қаны", дейді. Тілеубергенов – әкем көрген кезде қанға батқан күйі жатқан көршісі. Осылайша, олар қысым көрсетіп, әкеден мойындауды талап еткен. Шын мәнінде, ол кезде ешқандай сараптама болмаған. Бір күнде экспертизаны қалай жасап шығарады? Біз өзіміз сараптама нәтижесін 2-3 ай күттік", – дейді Азиза Омарова.

"Басына пакет кигізіп, тұншықтырған"

Азиза Омарова сөзіне сенсек, әкесін дәретханаға тек конвоймен ғана апарған, яғни қызметкерлерсіз өз бетімен жүре алмаған. 12 сәуір түскі он екілер шамасынан бері ол сол жерде қамауда отырған. Дәретханаға барған кезде қызметкерлер бәрі қадағалап, әкесін суретке түсіріп алған, содан кейін оны ауданға жеткізген.

"Әкем әкімшілік құқықбұзушылықпен қамауда болған кезде оны ұрып, қинап, басына пакет кигізіп, тұншықтырған. Осы қысым арқылы оны қылмысқа мойындатпақ болған. Әкем қысым әсерінен мойындау жазбасын берген. Мен 14 сәуірде адвокатпен ауданға бардым, бірақ жолатпады, "Әкімшілік құқықбұзушылықпен отыр, кездесу болмайды" деді. Шын мәнінде сол уақытта әкеме қысым көрсетілген. Аудандық сотта әкемді көргенде қасының үстінде ісік болды, көздері әдеттегі ақ емес, сарғыш, қызыл, капиллярлары жарылған. Сол кезде оның тұншықтырылғанын түсіндім. Кейін өзі де айтты. Бетінде көгерген іздер болды, бүйірін ұстап тұрды, оны ұрғаны анық еді", – деп қынжылды Азиза Омарова.

Фото: Азиза Омарованың жеке архивінен / Сотталушы Мақсұт Омаров

Азиза Омарованың айтуынша, әкесіне көрсетілген зорлық үшін ол Нагарин ауданында да, кейін қалада да арыз жазған. Алайда жауапта "ешқандай дене жарақаты табылмады" деп көрсетілген, өйткені тексеру 4-5 күннен кейін ғана жүргізілген. Дегенмен, әкесінің тергеу кезінде берген жауаптары оның ұрылғанын растайды.

"Тергеудің видеосында әкем бастапқыда 'екі рет ұрдым' деп айтқан, бірақ оларға төрт соққы жасағанын мойындатпақ болған. Кейін қысыммен 'төрт соққы' деп жауап берген, бірақ видеода: 'Мен оны өлтірген жоқпын, қолым да тиген жоқ' деп айтқан. Тергеуші мойындау жазбасын сұрағанда әкем: 'Маған пакет кигізді, ұрды, қысыммен бердім' деп жауап берген. Осыдан кейін 5 тәулік әкімшілік қамауға алынған, кейін Қостанай СИЗО-сына ауыстырылған, сол жерде бөлек ұсталған. Барлық қажетті экспертизалар, соның ішінде қан, тырнақ астындағы белгілер мен пышақтар тексерілген, үйден әкемнің күртесі де алынған", – дейді Азиза Омарова.

"Түрмедегілер қысым көрсеткен"

Уақытша тергеу изоляторында әкесіне психологиялық қысым көрсетіліп, оны "мойындауға" мәжбүрлеуге әрекет жасалған. 

"Қорқытып, ар-намысына тиетін қысым арқылы дауысын жазбақ болғанымен, экспертиза бұл дауыстың әкесінікі емес екенін анықтаған. Изоляторда отырған түрмелестері әкеме қысым көрсетіп, қорқытқан. Алайда экспертиза бұл жазбадағы дауыстың әкемдікі емес екенін дәлелдеді", – дейді қызы.

Дегенмен сот бұл жазбаны әкесінің мойындауы ретінде көрсетуге тырысқан және олардың барлық өтініштерін қабылдамай қойған.

"Бұдан кейін сот процесі басталды. Біз алқабилер сотын сұрадық, өйткені құқық қорғаушыларға сеніміміз қалмады. Әкемнің азапталғаны туралы арыз жаздым, бірақ маған "азаптау фактісі болмаған" деген жауап берді. Сол себепті біз алқабилерге жүгіндік. Алқабилер соты тамыздан қарашаға дейін созылды. 20 қарашада сот аяқталды, әкем соңғы сөзін айтты. Ол көршісімен 20 жылдан астам уақыт дос болғанын, жақсы араласқанын, бір-біріне көмектесіп жүргенін айтты. Әкем оны екі рет өлімнен құтқарған. Бірінде пештен уланып жатқанда, екіншісінде далада үсіп қала жаздағанда, әкем оны сүйреп алып шыққан. Соңғы сөзінде әкем "Егер мен оны өлтіргім келсе, оның өмірін екі рет құтқармас едім" деп айтқан еді", - дейді Азиза Омарова әкесінің жазықсыз сотталып жатқанын еске салып.

"Әкем шешемді қызғанды" деп жалған мотив жаппақ болған"

Азиза Омарова тергеушілер әкесіне ойдан шығарылған мотив тағайындауға тырысқанын да атап өтті.

"Әкем шешемді қызғанды" деп жалған мотив жаппақ болған. Бірақ әкем мен шешем 8 жылдан бері бірге тұрмайды, әлдеқашан ажырасқан. Ал марқұм көрші "шешең массаж салондарында интимдік қызмет көрсетеді" деген өсек таратты деп айтылады. Тергеу соны мотив қылып көрсеткісі келген. Бірақ мұның бәрі қисынсыз. Әкем ол адаммен дос болған, шешеммен өмір сүрмейтін, қызғанатындай еш себеп жоқ. Егер әкем оны екі рет құтқарған болса, неге оны өлтіруі керек?" – дейді Азиза Омарова.

Сот Мақсұт Омаровқа 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, мемлекетке экспертизалардың шығынын өтеу және жәбірленуші тарапқа моральдық өтемақы төлеу міндетін жүктеді. Жалпы талап етілген сомасы шамамен 6 миллион теңге болған.

"Біз бұл шешіммен келіспейміз. Себебі әкем адамды өлтірген жоқ, ол тек көршісін тауып, полиция шақырған. Полиция келіп, өздері әкемді алып кетті. Сотта тергеушіден "Қандай негізбен предбанникте жатқан, әкемнің күнделікті шаруашылыққа қолданатын пышақтарын кісі өлтіру қаруы деп шештіңіздер? Оған қандай дәлел бар?" деп сұрадық. Олар "Ішкі түйсігіміз бойынша" деп жауап берді. Қалайша адам "ішкі түйсікпен" бір затты қылмыс құралы деп шешеді? Егер пышақтарда қан ізі, биологиялық із, немесе қандай да бір дәлел болмаса?" – дейді сотталушының қызы.

"Пышақты түсірген, ал қаптау процесі мүлде түсірілмеген"

Апелляцияға бергенге дейін олар үнсіз қалды, себебі тергеу және сот процесі заң бойынша ашық айтылуға рұқсат бермеді. Сот аяқталған соң, дәлелдер қабылданбағанын, өтініштердің кері қайтарылғанын көріп, заңсыздықтарға үнсіз қалмауға шешім қабылдады. Қаза болған адамның қызы айыпталушы Мақсұт Омаровты кінәлап отыр екен. Алайда Азиза Омарова пышақта қан іздері болмағаны экспертизамен дәлелденген, бұл тек қысым көрсету үшін жасалған әрекет еді деп ақталып отыр.

"Марқұмның туыстарына не айтқанын білмеймін, бірақ біз фактілерге сүйенуіміз керек. Егер біздің сөзімізге сенбесе, экспертиза бар. Құжаттар бар. Бір ғана емес, бірнеше экспертиза. Олар әкемнен қан үлгілерінен бастап, шашына дейін барлық анализді алды. Оның бәрі ресми дәлел. Экспертизаларды Қостанай мен Астанада жасаған. Күртешенің үстінен көршінің ДНҚ-сы табылған. Бірақ айтқанымдай, бұл күртені қалай алғанын өзіңіз білесіз. Еш пломба жоқ, еш протокол жоқ, еш түсініктемесі де жоқ. Әкеммнің үйінен қарапайым пакет сұрап алып, соған салып кете берген. Ал ол пакетпен не істегенін, қайда апарғанын ешкім білмейді. Құжаттарға қол қойдырған кезде де, үйде емес, Боровскойда, мүлдем басқа жерде қол қойдырған. Сотта олар "Бәрін әкесінің көзінше қаптадық" дейді. Бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені әкемнің үйінде пышақтың қапталғанына қатысты бірде-бір фото жоқ. Яғни олар тек пышақты түсірген, ал қаптау процесі мүлде түсірілмеген", – дейді Азиза Омарова.

"Қазір заңға сенуден қалдық"

Әкелері анасымен ажырасқаннан кейін ауылда жалғыз тұрып келген. Бала-шағасы үнемі барып, үйін жинап, кір жууға көмектесіп, қажет болса қалаға өздері алып келуді ұсынып отырған. Дегенмен әкесі көшкісі келмеген, өйткені өмір бойы ауылда тұрған адам үшін қала жат әрі ыңғайсыз болып көрінген екен.

"Әкем өте сабырлы адам. Тіпті ауылдан сотқа куә ретінде келген адамдар да "агрессиясы жоқ, тыныш адам" деп айтты. Оның қосымша табысы, яғни мал союмен айналысатын еді. Оны бәрі көмекке шақыратын. Осы уақытқа дейін әкем осылай жұмыс істеп келді. Оны бүкіл ауыл таниды. Ал құзырлы орган өкілдері әкемді ішкіш ретінде көрсеткісі келді. Ішетіні рас, бірақ ол ішіп алып, ешкімге тисіп, жанжал шығаратын адам емес. Үйінде ішіп, жата береді. Көшеде мас болып жүрмейді, ешкімге тиісіп, шу шығармайды. Сотқа да оны жақсы білетін куәлар осылай айтты. Мінездеме жинағанда әкеміздің беделін түсіру үшін олар әдейі тек жаман айтатын адамдарды ғана жинаған.

Фото: Азиза Омарованың жеке архивінен / Сотталушы Мақсұт Омаров

Тергеушілер анасын жаман көрсетуге тырысып, Астанаға барып жауап алған. "Неге ажырастыңыздар? Ол сізге пышақпен тап берді ме?" сияқты сұрақтар қойып, әкесінің мінезінен кемшілік іздеді. Азиза Омарова анасының ештеңе теріс айтпағанын, сондықтан сотқа шақырмаған, өйткені оларға тек жаман сөз керек болғанын айтады.

"Бізге қазір өте қиын… Сәуірден бері осы үшін күресіп келеміз. Біз қазір заңға сенуден қалдық. Әкем темір тордың артында қалып қоя ма деп қорқамыз, себебі ол ондай жерде шыдай алмайды. Ол қылмыс болардан бұрын қабырғасын сындырып алған. Аттан құлап, қабырғасы сынған еді. Әкемнің бойы – 150 см. Кішкентай адам. Ал қайтыс болған адамның бойы – 181 см. Үлкен адам. Әкем оны физикалық тұрғыда өлтіре алмайды. Оның жарақатын, бойын, күшін ескерсек, мұндай әрекетке бара алмайды. Тергеу барысында ешқандай сараптама, реконструкция жасалмады. Өйткені ештеңе сәйкес келмейді. Олар жай ғана "ыңғайлы" адам тапты. Көршілерден сұрастырғанда "жалғыз тұрады, ішеді" дегенді естіп, соған сүйенді. Балалары бар екенін білмеген, біз туралы білмеген. "Тыныш, жалғыз, ішетін адам – кінәлі болуға дайын нысана" деген сияқты", – дейді Азиза Омарова ішіндегісін бүкпесіз айтып.

Азиза Омарова әкелерінің өте жұмсақ мінезді екенін және өзін қорғай алмайтынын жеткізді.

"Біз сотқа барғанда да ол тек "мен өлтірген жоқпын, мен өлтірген жоқпын" дейді. Тергеу изоляторына барған кезде, оның өмір сүруге деген құлшынысы да жоқ сияқты. Көздері солғын. "Мен өлтірген жоқпын" дейді. Мен оған сенемін. Өйткені ол менің әкем, мен оны жақсы білемін. Дәлел де бар, оның адамдармен қарым-қатынасы да белгілі", – деп түйіндеді Азиза Омарова.

Осыған байланысты Қостанай облысы Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған аралық аудандық соты Мақсұт Омаровты ауыр қылмыстарға қатысты кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар сот азаматтық талап бойынша моральдық шығындар мен жерлеу және өкілдік шығындарын өтетуге міндеттеді. Омаровқа алкогольге тәуелділіктен амбулаторлық ем тағайындалды, ал соттық және мемлекеттік шығындар да өндіріліп алынды.

"Омаров Мақсұт Іскендірұлын Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлімі (Адам өлтіру) және 188-бабы 3-бөлімі 3-тармақ (Ұрлық) бойынша кінәлі деп танып, оған 11 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Азаматтық талап бойынша Тлеубергенова А.Е-ға моральдық зиян ретінде 3 000 000 теңге, өкілдік шығындары үшін 500 000 теңге және жерлеу шығындары үшін 389 242 теңге өндірілсін, жалпы – 3 889 242 теңге", – делінген сот үкімінде.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 10 Желтоқсан, 2025 18:04