Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жиналған құстар мен егеуқұйрықтар түрлі инфекция таратуда": Алматы облысының тұрғындары қоқыс полигонының иісіне шағымдануда

Алматы облысындағы Талғар ауданының тұрғындары қоқыс алаңынан шыққан қолаңса иіске шағымдануда. Олар таза ауамен тыныстауды айтпағанда, елдімекендерде егеуқұйрықтардың қаптап кеткенін жеткізді. Ал полигон иесі болса, кәсібіне алаңдаулы, деп хабарлайды Stan.kz  ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Полигон ауылдан шамамен жүз метрдей жерде орналасқан. Тұрғындардың сөзінше қоқыс иісі алғашында байқалмаған. Алайда уақыт өте келе иіс бүкіл ауылға жайылып, тұрғындар терезе аша алмайтын жағдайға жеткен. Иіс өз алдына ауылды егеуқұйрықтар жайлай бастағандықтан тұрғындар полигонды жабуды немесе орнын басқа жерге ауыстыруды талап етуде. 

“Қоқыс алаңы үйімізден жүз-ақ метр жерде орналасқан. Оған жиналған жәндіктер, құстар мен егеуқұйрықтар түрлі инфекция таратады. Қалдықтар сіңген жерден біз су ішіп отырмыз. Қазір сырқаттанған балалар мен қариялар көп. Ал бұл полигонға қарап жатқан ешкім жоқ. Жиналмай шашылып жатыр", – деді Талғар ауданының тұрғыны Жанна Ким. 

Жоспар бойынша бұл жерде қоқыс алаңы емес, керісінше қоқысты өңдейтін зауыт салынуы қажет болған. Бірақ сол күйі құрылыс басталмаған екен. Салдарынан кәсіпкер әкімдік бөліп берген жерге қоқыс төгуге кіріскен. Экологтар қазір полигонның 1 гектардан астам жерді алып жатқанын айтты.



“Зерттеудің нәтижесі бойынша ауаның экологиялық та, санитарлық та талаптарға сай емес екені анықталды. Ауадағы мыс пен мырыш 8-8,5 пайызға артық. Әрі полигон қоршалмаған. Жер асты суларының ластану деңгейін бақылайтын арнайы құрылғылар да орнатылмапты. Мұның бәрі елдің денсаулығына зиян”, – деді Талғар ауданы бойынша экологиялық кеңестің төрағасы Мирас Байсейітов.

Кәсіпкер тарап әкімдік қоқыс өңдейтін зауыт салуға  30 соток жер бөліп, жалға бергенін айтады. Сөйтіп, "істі бастаңыз, кейін қазылған карьерлердің бірін қосамыз" деп сендіріпті.

“Қазірге дейін әкімдік бізге жөнді жауап бермейді. Бізге көмек беріп, қолдау көрсетудің орнына наразылықтарын білдіріп отыр. Электр эрннергиясын алуға рұқсат бермей отыр. Станок жұмыс істемейді шағымданады. электр энергиясы болмаса ол қалай жұмыс істесін?” – деді кәсіпкердің заңгері Асылбек Қараев.

Талқылау