Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израиль ХАМАС-ты бітім шартын бұзды деп айыптап, Газаға әуе соққысын жасады

израильФото: AFP via Getty Images

Израиль әскері ХАМАС қозғалысын "бітім шартын өрескел бұзды" деп айыптап, Газаның оңтүстігіндегі Рафах қаласына әуе соққыларын жасады. Кейінірек Израиль әскері тағы оңтүстік аймақтарға соққы бергенін хабарлап, артынан атысты тоқтату режиміне оралғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Израиль тарапының мәліметінше, ХАМАС содырлары "сары сызық" деп аталатын келісілген шегініс аймағындағы әскерлерге шабуыл жасаған. Соның салдарынан екі израильдік сарбаз қаза тапқан. Ал ХАМАС өз кезегінде бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін айтты. Израиль қорғаныс армиясы "террористер Рафах маңында Израиль сарбаздарына қарсы танкке қарсы зымыран және атыс қаруын қолданған" деп хабарлады. Бұған жауап ретінде Израиль әскері туннельдер мен әскери нысандарға соққы беріп, "террористік қауіптің көзін жоюды" көздегенін мәлім етті.

Израиль бұл шабуылды "атысты тоқтату жөніндегі келісімді ашық бұзу" деп атап, қатал шаралар қолданатынын ескертті.
Газа азаматтық қорғаныс қызметінің дерегінше, жексенбі күні жасалған әуе соққылары салдарынан кемінде 15 адам қаза тапқан. Израиль тарабы бұл ақпаратты тексеріп жатқанын айтты.

Ал ХАМАС өз мәлімдемесінде атысты тоқтату келісімін толық сақтап отырғанын, Израиль болса келісім басталғалы бері оны бірнеше рет бұзғанын жеткізді. Ұйымның айтуынша, израильдік әскердің әрекеттерінен 46 палестиндік көз жұмған. Сондай-ақ гуманитарлық көмек пен жанармайдың тек аз бөлігі ғана өткізіліп жатыр деп мәлімдеді.

Атысты тоқтату туралы келісім 10 қазанда күшіне енген. Алғашқы кезеңде барлық тірі қалған тұтқындар босатылып, Израильге 12 марқұмның денесі қайтарылған. Өз кезегінде Израиль 250 палестиналық тұтқынды және 1718 Газада ұсталған адамды босатып, 15 палестиналықтың денесін қайтарған.

Қазір Израиль әскері Газаның шамамен 50 пайыз аумағын бақылауда ұстап отыр. ХАМАС бұл өңірді 18 жыл басқарғанымен, соңғы уақытта өзге қарулы топтармен, соның ішінде "Әбу Шабаб халықтық күштерімен" қақтығыстар жиілеген.

АҚШ пен араағайын елдер (Мысыр, Катар, Түркия) ХАМАС-ты келісім шарттарын бұлжытпай орындауға шақырды. АҚШ Мемлекеттік департаменті "егер ХАМАС бейбіт тұрғындарға қарсы шабуыл жасаса, бұл келісімді тікелей бұзу болып саналады және нақты шаралар қолданылады" деп мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп та "ХАМАС бейбіт халықты өлтіруді жалғастырса, күш қолдануға тура келеді" деп ескерткен.
Бір апта бұрын ВВС дереккөздері Газа қаласында ХАМАС содырларының қоғамдық орындарда жазалау әрекеттерін растаған болатын. Бұл жағдай аймақтағы ішкі қақтығыстарды одан әрі ушықтырып отыр. ХАМАС әзірге өз бақылауын сақтап қалуға тырысып, шамамен 7000 қауіпсіздік қызметкерін Газадағы тәртіпті қалпына келтіруге жұмылдырған. Осылайша, аймақтағы жағдай әлі де күрделі: атысты тоқтату күшінде болғанымен, сенімсіздік пен қарулы қақтығыстар жалғасып жатыр. 


ХАМАС кепілге алынған мәйіттерді беруді кешіктіріп жатқандықтан, Израиль Газаға сес көрсетті


Израиль армиясы оқ жаудырған: Газада алты палестиналық қаза тапты


Еске салайық, бұған дейін 2025 жылғы 8 қазанда Израиль мен ХАМАС америкалық жоспар аясында Газа секторында атысты тоқтату туралы келісімге келгенін жаздық. Келісімнің бірінші кезеңі бойынша ХАМАС израильдік тұтқындарды босатады, ал Израиль әскері келісілген аймақтарға шегінеді. Бұл жаңалықты АҚШ президенті Дональд Трамп жариялап, келіссөздерге Катар, Мысыр және Түркияның делдалдық еткенін атап өтті. 

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 20 Қазан, 2025 10:01
Талқылау