Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Із-түссіз жоғалып кеткен отбасының ісі: Атыраулық хакер Түркияда ұсталды

shutterstock хакерыФото: shutterstock

Атырау облысы Жангелдин ауылында қаза тапқан отбасы туралы резонанс тудырған істі зерттеуімен танылған "Атыраулық хакер" Түркияда Интерпол арқылы ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Нұрлан есімді жігіт отбасының екі үлкен мүшесінің мәйіті табылған кезде бұл істі белсенді түрде талдап, түсіндіріп отырған. Сол кезде ол халық арасында танылып, әлеуметтік желіде көптеген оқырман жинаған.

Ресми органдар ақпаратты аз және қысқаша беріп отырған болса, Нұрлан керісінше оқиғаға қатысты өз түсіндірмелерін жариялап отырған.

Ол отбасы мүшелеріне тиесілі SIM-карталардың белсенділігін зерттегенін айтқан. Оның сөзінше, кейбір телефондар адамдар жоғалып кеткеннен кейін де жұмыс істеген. Сондай-ақ геолокация деректері олардың Қазақстаннан тыс жерге қозғалғанын көрсеткен болуы мүмкін деген болжам айтқан.

Кейін оның айтқандарының көбі шындыққа сәйкес келгені белгілі болды.



Ал полиция бұл деректердің барлығы құқық қорғау органдарының қолында бұрыннан болғанын, кейін ресми іздеу хабарламасы ретінде жарияланғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар полиция департаменті Нұрланға қатысты бұған дейін алаяқтық бойынша төрт қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Жалпы келтірілген шығын көлемі 13 миллион теңгеден асады.

Нұрлан Түркияның Самсун қаласында ұсталған. Қазір оны Атырауға экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың күзінде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалған. Кейін олардың екеуі ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері үй ауласынан табылды. Ал олардың балалары Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев әлі де іздеуде еді. Бұл іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде іздеуге жарияланған еді.

STAN.KZ
Сенбі, 14 Наурыз, 2026 19:27