Италиялық азамат Қырғызстан тауында қалып қойған Наталья Наговицынаны құтқарамын деп қаза тапты
Фото: Gazeta.ru/Әлеуметтік желіден
Қырғызстандағы “Жеңіс” шыңында қалып қойған ресейлік альпинист Наталья Наговицынаны құтқарамын деп италиялық альпинист Лука Синигалья қаза тапты. Шетелдік қатты тоңып, миы ісініп қайтыс болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“РенТВ” арнасының мәліметінше, Лука Натальямен және тағы екі альпиниспен бірге “Жеңіс” шыңын бағындыруға ұмтылған топтың құрамында болған. Сондай-ақ осыдан төрт жыл бұрын Натальяның күйеуі Сергей Хан-Тәңір шыңында инсульттен қаза тапқанда Лука Синигалья оларға көтеріліп, Натальяны базалық лагерьге жеткізген. Сол кезден бастап олар байланысын үзбей, кейде түрлі елдердегі шыңдарда кезігіп қалып жүрген.
12 тамыз күні Наговицына аяғын сындырып алғаннан кейін Лука неміс альпинисті Гюнтер Зигмундпен бірге оған азық-түлік жеткізуге шыққан. Алайда ол жолда бір қолғабын жоғалтып алған. Мұндай биіктікте қолғапсыз адамды үсік шалады. Бірнеше сағаттың ішінде оның қолы жансызданып, италиялық альпинист ары қарай қозғала алмайтынын түсінген.
Жолдастары Луканы шамамен 6900 метр биіктікте қарлы үңгірге орналастырған, алайда оның жағдайы бара-бара нашарлай берген. 15 тамызға қараған түні оның миы қатты ісініп, сандырақтап, үсіген қолы маза бермегені сонша, жардан секірмек болған. Араға бір күн салып альпинст қайтыс болды. Оның денесі қар құрсауында қалды.
Құтқару тобының жетекшісі Александр Семёнов бұл жағдайдың өте қорқынышты екенін айтты.
“Луканың өмірлік ұстанымы – “жолдасын қиындықта тастап кетпеу. Оның бұл ерлігі құрметке лайық, бірақ, өкінішке қарай, ол бізге қайта оралмайды”, – дейді марқұмның әпкесі Патриция Синигалья.
Луканың денесі тауда қалды. Қар көшкіні ол жатқан үңгірінің кіреберісін басып қалды. Сол жерден сәл жоғары, 7140 метр биіктікте, шатырда Наговицына да қалып қойды. Алдын ала деректерге сәйкес, ол шамамен 12 күнге қақаған аязда қалып қойды, бірақ оны құтқару мүмкін болмады. Дрон соңғы рет ресейліктің әлсіз қимылын 19 тамыз күні тіркеген, содан кейін байланыс үзілді.
Құтқару операциясы аяқталды. 2026 жылдың көктеміне дейін “Жеңіс” шыңында іздестіру жұмыстарын жүргізу мүмкін емес, өйткені маусым жабылды. Бұл қайғылы жағдай өңірдегі альпинизм тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі болды. Бірден екі адам қаза тапты, сондай-ақ олардың денелері ұзақ уақыт бойы қар құрсауында қалмақ.
Еске салайық, бұған дейін Қырғызстандағы “Жеңіс” шыңында аяғын сындырып, қалып қойған ресейлік альпинист Наталья Наговицына алдын ала мәлімет бойынша қайтыс болды деген ақпарат тараған еді.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарын бөлісті
