Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Италиялық модельер Джорджо Армани 91 жасында өмірден озды: Миланда екі күн аза тұтылады

Италиялық модельер Джорджо Армани 91 жасында өмірден озды

Фото: REUTERS

Италиялық модельер және кәсіпкер Джорджио Армани 92 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Суық хабарды кәсіпкер негізін қалаған компания хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Armani Group қайғыра отырып, өзінің негізін қалаушы және қайратты қозғалтқышы болған Джорджио Арманидің қайтыс болғанын хабарлайды. Қызметкерлер мен әріптестері әрдайым құрметтеп, дәріптейтін синьор Армани соңғы күндерін өзінің жақындарының ортасында өткізді”, – деп жазды сән үйі.

Маусым айында Армани денсаулығына байланысты Миланда өткен ерлер сән апталығындағы өз тобының көрсетілімдеріне қатыса алмады. Ол осылайша мансабында алғаш рет іс-шараны өткізіп алды.

Джорджио Армани дизайнерлік дарынын іскерлік қабілетпен ұштастырып, жылдық айналымы 2,3 миллиард еуроға тең компанияны басқарды.

“Елу жылдық тарихы бар компания алдағы уақытта да өз құндылықтарын сақтамақ. Отбасы мен қызметкерлер оның рухын сақтап қалу үшін барын салады”, – делінген хабарламада.

Модельердің өлімінің себебі әзірге жарияланған жоқ. Марқұм белгісіз дерттен ем қабылдап жүрген. Сондай-ақ оның қайтыс болар алдында өзінің аңызға айналған сән үйінің 50 жылдығына арналған ірі шараны дайындап жүргені белгілі болды.

Armani Group-тың мәліметінше, сенбі және жексенбі күндері Миланда аза тұту рәсімі өтеді. Ал жерлеу рәсімі қашан болатыны әзірге белгісіз және ол жабық түрде өтеді.

Айым Болатқызы
Жұма, 05 Қыркүйек, 2025 11:17
Талқылау