Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Италия көшіп барған жас мамандарға 3,5 миллион теңге бермек

Фото: It.dreamstime.com

Италиядағы Варезе провинциясының билігі сонда көшіп барып, жұмысқа тұрған жас мамандарға 6000 евроға (3,5 миллион теңге) дейін өтемақы төлейді. Провинцияның өзі Милан мен Швейцарияға жақын маңда орналасқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Il Sole 24 Ore басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Варезе провинциясында кәсіптің дамып жатқанына және экспорттың белсенділігіне қарамастан мұндағы жастар Милан сияқты ірі қалаларға немесе Швейцарияға көшіп кетеді. Сол себепті кадр тапшылығын тоқтатып, бос жұмыс орындарын толтыру мақсатында жергілікті сауда-өнеркәсіп палатасы ерекше бағдарламаны іске қосты.

“Біз көптеген басқа өңірлер сияқты, көңіл алаңдатарлық құбылыстармен күресіп келеміз. Осы шара арқылы біз халық санының азаюын тоқтатып, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтықты азайтып, таланттарды алып қалмақпыз", – деп түсіндірді сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Мауро Витиелло.

6000 еуроны қалай алуға болады?

Бағдарлама "Veni a vivere a Varese" ("Варезеге көшіп кел") деп аталады. Осы бағдарламаға қатысып, жұмыс істеу үшін Варезеге көшкен азаматтарға жыл сайын 2000 еуро (шамамен 1,2 миллион теңге) көлемінде төлем төленеді. Бұл төлем үш жыл бойы беріледі. Қаражатты жергілікті дүкендер мен шеберханалардағы тауарлар мен қызметтерге жұмсауға болады. Басты шарт – қатысушының жасы 40-тан аспауы керек.

Мауро Витиелло бұл қаржылай қолдаудың аймақты жастар, отбасылар мен білікті мамандар үшін тартымды етуге бағытталған ауқымды бастаманың бір бөлігі екенін атап өтті. Билік өкілдері бұл шара тұрақты әрі өркендеген қоғам құруға септігін тигізеді деп үміттенеді.

“Біз бұл шараның бір өзі жеткіліксіз екенін түсінеміз. Алайда ол тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға қолайлы жағдай жасайтын оң кезеңді бастайды деп сенеміз", – деді Витиелло.

Өтініштерді қабылдау басталғаны туралы хабарлама Варезе сауда-өнеркәсіп палатасының сайтында жарияланды.

Тағы бір тартымды ұсыныс – үйлерді арзан бағаға, яғни 1 еуроға (шамамен 550 теңге) сатып алуға болады. Мысалы, Сардиниядағы Оллолаи ауылында жөндеуді қажет ететін ескі үйлер сатылады. Алайда жергілікті билік заманауи көшпенділерге уақытша тегін баспана ұсынады. Бұл – жаңа мекенге көшу туралы шешімді асықпай қабылдауға және жергілікті жермен танысуға жағдай жасайды. 

Сондай-ақ Тоскана аймағында Residenzialità in Montagna бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама 5 000 адамнан аз халқы бар таулы ауылдарға көшіп келгендерге 10 000–30 000 еуро (шамамен 5,5–16,5 миллион теңге) көлемінде грант ұсынады.

Бөлінген қаражатты үй сатып алуға және жөндеуге пайдалануға болады. Алайда маңызды шарттардың бірі – субсидия шығындардың 50 пайызынан аспайды, яғни қалған бөлігін өтініш берушінің өзі өтеуге тиіс.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 10 Маусым, 2025 09:34
Талқылау