Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ит сияқты": Отандық шоу-бизнес өкілдері баласын қарғыбауға ұқсас құралмен жетектеп жүрген ананың видеосына қатысты пікір білдірді

Әлеуметтік желіде сауда орталығында қызын қарғыбауға ұқсас құралмен жетектеп жүрген келіншектің видеосы тарады. Оның кішкентай қызын қауіпсіздік мақсатында ертіп жүргені белгілі. Алайда көпшілік әйелдің баланы ит сияқты жетектеп жүргенін қабылдай алмады.

Видеодан кадр

“Қарғыбауға ұқсайды”, “Иттің қарғыбауы”, “Күшік сияқты”, “Тұмылдырығы қайда?”, “Қауып алмайды ма?”, “Одан да қолыңызға алмайсыз ба?”, “Күшігіңді серуендетіп жүрсің бе?”, – деп жарыса жазды видеоны көрген желі қолданушылары. 

Желіде қызу талқыға түскен бейнежазбаға қатысты психолог пікір білдірді. Психолог маманның сөзінше, қоғамның баумен байланған баланы қабылдамауы заңдылық. Ана мен баланы арасында ерекше байланыс болуы керек деп санайды ол.

“Видеодағы ананың әрекеті дұрыс емес деп ойлаймын. Баланы итке, жануарға теңген сияқты. Баланың қауіпсіздігін ойласаң, қолынан ұстап, жетектеп жүру керек. Бұл ата-ана мен бала арасындағы байланыс. Көпшілік бұл видеодан баласын жетектеп жүрген ананы емес, күшігін ертіп алған әйелді көреді. Сондықтан қоғамның теріс пікір білдіріп, қабылдамауы заңдылық. Ит пен адам арасын жіп жалғайды. Итті басқа біреуге зиян келтірмесін, қауып алмасын, қашып кетпесін деген мақсатпен байлап алады. Ал ана мен бала арасында физикалық қарым-қатынас болу керек. Яғни, қолынан ұстап, жетектеп, керек кезде көтеру керек. Мына видеода бала әр жерде жүр. Кейде “анда барма, мұнда барма” дегендей жіптен тартып-тартып қояды. Бұл баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Қазір түсінбеуі мүмкін. Бірақ есейгенде анасының бұл әрекеті үшін өзін ығайсыз сезінетін болады. Кез келген анаға осындай бау тағып қойып, өзін қалай сезінетінін сұрау керек сияқты. Ешкім өзін бұлай жетектеп жүргенін қаламайды. Тіпті осылай жүргеннің өзінде, жіп әжептәуір ұзын. Баланың басына бір нәрсе түсіп кетуі мүмкін немесе біреу қағып кетуі мүмкін. Солдықтан қол жететіндей қашықтықта жүргені дұрыс”, – дейді психолог Ержан Мырзабеков.

Видеоға қатысты отандық жұлдыздардан да пікір алдық. Танымал әнші, көпбалалы ана, үлгілі отбасының отанасы Қарақат Әбілдина балаға өбектейтін аналардың қатарынан емес екен. 

“Кейде балаға бірнәрсе болса, баладан бұрын жылап-сықтап, қатты эмоцияға берілетін, уайымшыл ата-аналар болады. Ата-ананың өзі мінезіне, болмысына, табиғатына қарай әр түрлі болады. Мен ондай ата-аналардың қатарынан емеспін. Айналамда баланың қолы қысылып қалса, құлап қалса жедел жәрдем шақырып, дабыл қағып жататын ата-аналар бар. Оларды көргенде өзім де таңғаламын. Бала жетіге келгенше жерден таяқ жейді. Оның құлауы, жығылуы, сүрінуі де заңдылық. Бұл видеода ана баланың қауіпсізідігін ойлап тұр ғой. Бірақ қатты ерсі нәрсе көріп тұрған жоқпын. Ананың жанашырлығы, анаға тән қамқорлығы байқалады. Қазір неше түрлі заттар шығып жатыр. Бұрын ата-аналар жұмысқа кеткенде арқанға, баласын жіпке байлап кететін еді. Бұл да баланы қорғаудың бір тәсілі шығар”, – дейді Қарақат Әбілдина.

Отандық тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы да бұл құралды ата-ана үшін ыңғайлы деп санайды.

“Менің ойымша онда тұрған ештеңе жоқ. Ата-анаға ыңғайлы болсын деп жасалған дүние шығар. Өзіміз де үлкен жиындарда, ойын-сауық орталықтарында, саябақта жоғалып кеткен кішкентай балалар мен баласын іздеген ата-ананы жиі көріп жүрміз ғой. Оның үстіне кішкентай балалар өте жылдам болады. Көзден таса болмау үшін, алыс кетпес үшін, жоғалтып алмас үшін қолдануға болар. Өзім көзбен көріп, іске жаратпағандықтар дұрыс/бұрыс деп дөп басып айта алмаймын”, – дейді Ләйлә Сұлтанқызы.

 

Талқылау