Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ыстықкөлдегі Лас-Вегас": Қырғызстан шетелдіктер үшін казинолар ашпақ

Қырғызстан парламенті 10 жылдан бері елде құпталмаған казиноларды заңдастыру туралы шешім қабылдады. Олар казинолардың Ыстықкөл курорттық аймағындағы арнайы бөлінген аумағында ғана жұмыс істей алатынын және кіру тек шетелдіктер үшін ғана ашық болатынын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “BBC” порталына сілтеме жасап.

Билік бюджетті осылайша толықтыруды көздейді. Алайда бұл казиноға тек шетелдіктердің ғана келмейтіні белгілі.

Ел билігінің жоспары бойынша туристерді ойын аймағына чартерлік рейстермен алып келеді. Кейін оларды Ыстықкөл жағасында орналасқан Тамчи халықаралық әуежайы қабылдайды. Оның жанында ойын бизнесін жүргізуге рұқсаты бар жеті қонақ үй-ойын-сауық орталығы орналастырылып, аймаққа шетелдіктер визасыз келе алады.

Қырғызстанда казино жұмысына 2012 жылдан бастап, ал букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға 2015 жылдан бастап тыйым салынды. Мұндай шешім қабылдауға ел билігі ойынға бар мүлкі мен жинақ ақшасын ысырап еткен адамдардың туыстарының наразылықтарынан кейін мәжбүр болған. Ойынға тәуелді құрбандар баспанадан айырылды.

Бұл заңға қарсы адамдар басқа елдердің, соның ішінде Ресей мен Қазақстанның азаматтығын алған 600 мың қырғыз мигрантының жағдайына да алаңдайды. Олар көбіне демалу үшін Қырғызстанға оралады.

Алайда ойын мекемелері туралы жаңа заң жобасының авторлары, депутат Бақтыбек Тұрысбеков пен Дастан Жұмабеков тыйымға байланысты ел бюджеті жыл сайын 600 млн сом (шамамен 7 млн доллар) қаржыдан қағылғанын, ал экономика 11 мың жұмыс орнын жоғалтқанын еске салады. Депутаттар Қырғызстан тұрғындарының казинода ойнай алмайтынын, ал туристерге ақша жұмсау үшін ермек тауып көмектесу керек екенін айтады.

"Сіз біздің экономикамыздың қандай күйде екенін көріп отырсыз. Зауыттар салу үшін көп уақыт қажет. Осының бәрін ескере отырып, біз осындай заң жобасын ұсындық. Қырғыз Республикасына келетін туристердің 90% - ға жуығы Ыстықкөлге баратынын білеміз. Енді біз олардың ақшалары бізде қалатындай етіп жасауға тырысуымыз керек"- деп түсіндірді Тұрысбеков.

Жаңа президент бұл бастаманы қолдайды

Заң жобасына сәйкес, жаңа ойын мекемелеріндегі барлық жұмыс орындарына кем дегенде  жергілікті тұрғындардың жартысы орналасуы керек. Инвесторлар олардың жұмысынан пайданың 60% - ын, ал мемлекет 40% - ын алады деп болжануда.

Жоба авторлары осылайша коронавирустық пандемиядан қатты зардап шеккен Қырғызстан экономикасына көмектесуге болады деп санайды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша ел бюджетінде 26 жыл ішінде бұрын-соңды болмаған тапшылық 8,6% - ды құраған. Ал мемлекеттік борыш 68% – ға дейін өскен. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша табыстың төмендеуіне және жұмыссыздықтың өсуіне байланысты ел халқының 31% - ы кедейлік шегінен төмен өмір сүруде.

Қырғызстанның экономикалық проблемаларын шешу 2020 жылдың қазан айында жаппай наразылықтан кейін күтпеген жерден билікке келген жаңа президент Садыр Жапаровқа жүктелді.



Жапаров ойын аймағы туралы заң жобасын қолдайды, тіпті елдің барлық аймақтарында осындай мекемелерді ашуды ұсынады.

"Экономиканың қазіргі жағдайын өздеріңіз көріп отырсыз. Біз бюджетті толықтырудың кез - келген әдісін қолдануға тырысамыз. Казино көмегімен біз бірден екі тұста ұтамыз. Біріншіден мекемені ашу үшін алты жыл бұрын бір жарым миллион доллар тұрған қымбат лицензия аламыз. Екіншіден әр ойын үстеліне және машинаға салық салынады. Сонымен қатар лицензиялар бес жұлдызды қонақүйді аша алатындарға ғана беріледі"", - деді президент жергілікті "Пирамида" телеарнасына берген сұхбатында. 

Жапаров, Егер Қырғызстан тұрғындарын ойын мекемелеріне жіберсе, онда мұндай казинолардың иелері лицензиядан айырылады деп уәде берді.

ТАСС агенттігінің мәліметінше пандемияға дейін жыл сайын Ыстықкөлге миллионға жуық шетелдік туристер келген.

Казиноны заңдастырудың халыққа әсері

Бірақ кейбір экономистер казиноны заңдастыру басқа елдердің тәжірибесін талдау мен зерттеуді қажет етеді деп санайды.

"Краснодар өлкесінде ойын бизнесінен бюджетке 0,1% кіріс түседі. Бірақ онда туристік секторлар да бар. Ал Ыстықкөлде маусым тек үш айға созылғандықтан жылдың басқа уақытында мекемелермен не болатыны туралы сауал туындайды. Олар қылмыс деңгейіне қалай әсер етеді?" - деді экономист Жүніс Ганеев. 

Сонымен қатар бұрынғы ойын тәжірибесі негізінде кейбіреулер жергілікті тұрғындар үшін казиноға тыйым салынатынына сенбейді. 2012 жылы ойын бизнесіне тыйым салу туралы заң жобасының бастамашыларының бірі, депутат Бақыт Жетігенов бұл бастамаға қарсы.

"Мұндай бастаманың артында өте бай адамдар тұр. Ал заң жобасын ұсынатындар олардың қуыршақтары. Олар бұл тек шетелдіктер үшін деп кез келген жолмен рұқсат алуға тырысуда. Бірақ біздің азаматтарымыздың ол жаққа жіберілмейтініне кепілдік жоқ. Олай болса Ыстықкөлге апиын отырғызайық, қарасора өсірейік. Көлімізді осындай аумаққа айналдырайық. Меніңше мұндай бастамалар ешкімге пайда әкелмейді", - деді Жетігенов.

"Сезім" дағдарыс орталығының директоры Бибісара Рысқұлова 2012-2015 жылдары ойын мекемелерінен зардап шеккендердің жиі жүгінгені туралы айтып берді.

"Қырғызстан іс жүзінде Лас-Вегасқа айналған кезде біздің дағдарыс орталығына жүгінушілер саны бірнеше есеге артты. Салдары көпшіліктің ажырасуына себеп болды. Жалғыз баспанасынан, әйелінен айрылғандар болды. Нашақорлық, алкоголизм және құмар ойындар іс жүзінде емделмейтін ауру. Жерасты казинолары қазір де жұмысын жалғастыруда. Егер бар казиноларды жаба алмай жатсақ Ыстықкөлде жаңаларын ашу не үшін қажет?" - деді Рысқұлова.

Талқылау