Ыстамбұлда толассыз жауған жаңбыр салдарынан көшелерді су басты (видео)
Ыстамбұлда 5 қыркүйекте толассыз жауған жаңбыр салдарынан су тасқыны басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Mash
Су тасқыны салдарынан бірнеше адам қаза тауып, кейбірі әртүрлі ауырлықтағы жарақаттар алды. Жолдар суға толып, қоғамдық көліктер істен шықты. Билік жергілікті тұрғындарға ауа райының қолайсыздығы туралы алдын ала ескертіп, сары деңгей жариялап, аса қажет болмаса көшеге шықпауға шақырды.
Тасқын салдарынан Арнавуткой, Башакшехир және Күчукчекмеже аудандары зардап шекті. Стамбул мэрі Экрем Имамоглу қаланың кейбір аудандарында бір шаршы метрге 150 литрге дейін жауын жауғанын айтты. Оның айтуынша, қала билігі мұндай нөсерге дайын болмаған. Қазір екі мыңнан астам адам апат салдарын жоюмен айналысуда.
Ішкі істер министрі Али Ерликая су тасқыны салдарынан үш адамның қаза тапқанын айтты. Тағы бесеуі түрлі жарақаттармен жақын маңдағы медициналық мекемелерге жатқызылды.
Ал Стамбул тұрғындары жаңбыр суына толған көшелерді видеоға түсіріп, көмек сұрауда. Сондай-ақ апат салдарынан бірнеше метро станциясын су басқан. Ыстамбұл әуежайына кіре берістегі туннельдер де жабылды.