Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ислам дініндегі стереотиптер: Имам кең таралған қате түсініктердің ақиқатын айтып берді

Халық арасында ислам дініне қатысты дұрыс емес стереотиптер мен теріс көзқарастар бар. Әсіресе, жат ағымдардың көбеюі дінді бұрмалап, кереғар түсініктердің белең алуына, дінге деген қорқыныштың артуына әсер етті. Алматы қаласы Қарасай батыр мешітінің бас имамы Есім Ержан ислам дініндегі кең таралған пікірлердің ақиқатын айтып берді.

1 стереотип: Ислам діні ғылым мен жаңашылдыққа қарсы. Мұсылмандар ескілікті жақтайды

Ақиқаты: Ислам діні, керісінше, жан-жақты даму, білім-ғылымға бет бұруды көздейді. Имамның айтуынша, пайғамбарымыз "Қытайдан болсын білім алыңыздар" деп өсиет еткен екен. 

"Мұндағы мәні – қиын болса да, білім алуға асық болу керек. Мәселен, араб елдері мен Қытайдың арасы өте алыс. Демек, алыс болса да, оған бару қиындық туғызса да, адамдар білім алсын деп айтады", - деді Есім Ержан.

Сонымен қатар, имам "Жер бетін кезіңдер, бұрыңғылардың не кешкенін қараңдар" деген аятты тілге тиек етті. 

Сондай-ақ, ислам дінінің өкілдері әлемдік ғылымды дамытты. Ибн Сина энциклопедист болды, медицинаны дамытты. Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби бірнеше ғылымды меңгерді.

"Қазіргі таңдағы "алгебраның" өзі Әл-Жибри деген ғалымның атына аталды. Ол математиканың дамуына ықпал етті. Ислам өкілдері геометрияны меңгерді, себебі олар мешіт құрылысымен айналысқан. Ал мешіт құрылысында мұнара, күмбез салу түгелдей геометрияны қажет етеді", - деді бас имам.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мұсылман елдерінің дамымауына дін емес, ондағы халықтың еріншектігі, дінді бұрмалау, т.б. факторлар кінәлі.

2 стереотип: Ислам дінінде тыйымдар көп

Ақиқаты: Ислам діні өзіне және өзгеге зиян келтіретін нәрселерді ғана тияды. Онда тыйымнан гөрі рұқсат етілген нәрселер көп. Ондағы тыйымдар сол адамның өзін жақсылыққа баулуға және елдегі тыныштықты сақтауға бағытталған.

Діни қызметкер ислам дінінде негізгі 7 тыйым бар екенін атап көрсетті:

Бірінші тыйым: Басқаға құлшылық етіп, Аллаға серік қосу;

Екінші тыйым: Сиқырмен қиянат жасау;

Үшінші тыйым: Адам өлтіру;

Төртінші тыйым: Риба. Ол дегеніміз – өсімқорлық. Біреу арқылы пайда тауып, өзгенің ақысын жеуге болмайды;

Бесінші тыйым: Зинақорлық;

Алтыншы тыйым: Жетімнің малын жеу;

Жетінші тыйым: Ары таза адамға жала жабу.

3 стереотип: Ислам діні бойынша пайызбен ақша беруге болмайды

Ақиқаты: Ислам дінінде рибаға тыйым салынғандықтан, көбісі оны пайызбен шатастырып жатады. Бас имамның айтуынша, пайыздың өзі харам болып саналмайды. Бірақ қосымша шарт - харам. 

"Сіз біреуге қарыз берсеңіз, оған бір ғана шарт қоя аласыз. Мысалы, жүз мың теңге беріп, белгіленген уақытта қайтар деп бір шарт қоя аласыз. Бірақ тағы да үстіне шарт қосып, белгіленген уақытта үстіне он мың теңге қойып қайтарасыз деп айтуға болмайды. "Белгіленген уақытта қайтар", не "үстіне ақша қосып бер" немесе "орнына басқа нәрсе орындап бер" деп бір талап қоюға рұқсат", - деді діни қызметкер.

4 стереотип: Әйел адамдар еркектен төмен. Дінде олардың құқығы шектеледі

Ақиқаты: Имамның айтуынша, ислам дінінде әйел адамның деңгейі кез келген қоғам өкілінен жоғары. 

"Дінімізде "қыздары әкесін Жәннатқа жетелейді", "Жәннат ананың табанының астында" деген өсиеттер бар. Содан-ақ әйел адамның маңыздылығын көруге болады", - деді ол. 

Әлем елдеріндегі қыздарға қатысты қорлық, әйелдердің құқығын шектеу, қысым көрсету дін емес, олардың дәстүрінен қалыптасқан. Дін мен дәстүрдің ара-жігін ажырата білу керек. 

"Отбасыны толық қамтамасыз ету еркектің мойнында. Соның ішінде, балалары мен әйелінің жағдайын жасап беруі керек. Оған аманаты ретінде қарайды. Тіпті әйел адам кішкентай баласын емізе алмаса, еркек бұл мәселені шешуі керек. Ол емізе алатын адам табады немесе қазіргі жағдайда жасанды сүттер сатып алады", - деді имам.

Оның айтуынша, Исламда әйелдерді үйде отырғызып қойып, жұмыс істеткізбеу керек, оқытпау керек деген түсінік ешқашан болмаған.

"Әйел адам бала босанып, оларды бағып-қағады, физикалық, моральдық тұрғыда шаршайды. Сол себепті олар табыс тауып, үйін қаржыландыруға міндетті емес делінген. Әйел, керісінше, ауыр еңбек етуге арналмағанын, одан жоғары екенін көрсетіп тұр. Бұл әйелді күң қылмасын деген мақсатта айтылған", - деді діни қызметкер. 

Әйелдің жұмыс істеуі немесе үйде отыруы өзінің қалауымен болады.

5 стереотип: Қыз бен жігітке үш рет кездесіп үйленуге рұқсат етілген 

Ақиқаты: Дін қызметкерінің айтуынша, дінде ондай қағида жоқ. Үйленбей тұрып ұнатуға, танып-білу үшін араласуға болады. Бірақ некесіз жақын қарым-қатынасқа бару, бірге тұрып көру немесе азаматтық некеде тұру дұрыс емес. 

"Қыз бен жігіт кездесетін кезде олармен бірге куә болуы тиіс. Қазақта жеңгелері, сіңлі-інілері олармен бірге жүрген. Ол жастардың жеке қалып, зинадан сақтануы үшін жасалады", - деп атап өтті ол.

Имамның айтуынша, мұндай пікір қыз бен жігіт арасындағы жақын қарым-қатынас орнап, ерте жүктілік, түсік тастау мәселелерінің алдын алу үшін орын алған.

6 стереотип: Жиһад пен терроризм – бір. Кейбір араб елдеріндегі қақтығыстар жиһад ретінде жасалып жатыр.

Ақиқаты: Соғыстың бәрін джихад деп айту дұрыс емес. Жиһад елі мен жеріне қауіп төнгенде, Отанын, халқын қорғау үшін жасалады. Жиһад дегеніміз – әділетсіздікпен күрес. 

"Мұхаммед Пайғамбар үлкен жиһад деп өз-өзімен күрес, өз құмарлығымен соғысты айтады. Яғни, өзгемен емес, адам өзіндегі жаман қылықтарды тыйып, жақсылыққа ұмтылуы тиіс", - деді имам.

Оның мәлімдеуінше, терроризм түсінігі исламға қайшы. Өйткені "Ислам" сөзі бейбітшілік діні дегенді білдіреді. Ал бейбіт дінді ұстанатын адам террорлық әрекет жасамайды.

7 стереотип: Мұсылмандар өзге дін өкілін өздерінен төмен санайды

Ақиқаты: Ислам дініндегі ең басты құндылық – қарапайымдылық. Тәкаппарлық пен өзгені төмендетуді шайтан амалы деп санайды. 

"Ислам дінінде әрбір адамды Алланың жаратқан пендесі деп қарайды. Олармен жақсы мәміледе болу көзделген", - деп Қарасай батыр мешітінің имамы тілге тиек етті.

Есім Ержан мұндай стереотиптердің алдын алып, оған алданбас үшін сауатсыздықпен күресу керек екенін атап өтті. Қазіргі таңдағы пікірлерді жат ағым өкілдері қалыптастырып, елді адастыруға тырысатынын айтты. Діни қызметкер тек тексерілген ақпараттарды оқып, мазалаған сұрақтардың жауабын мешіт имамдарынан, теологтардан білуге кеңес берді.

Талқылау
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр