Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ішіне кіру мүмкін емес": Түркістан облысындағы мектеп оқушылары көшеде орналасқан әжетханаларға барып жүр

Түркістан облысындағы мектептер әлі күнге дейін көшеде орналасқан әжетханалардан арыла алмай келеді. Оқушылар қажеттіліктері үшін сыртқа шығуға мәжбүр. Бұл мәселе әсіресе ауылдық жерлерде ушығып тұр. Жергілікті билік барлық дәретханалардың ғимараттарға әлдеқашан көшірілгенін айтқанымен, шын мәнінде сөз іспен сәйкес келмей тұр. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

ажетхана мектеп

Шәмші Қалдаяқов атындағы мектеп – Отырар өңіріндегі ең үлгілі мектептердің бірі. Оның шәкірттері үнемі ҰБТ-да жоғары балл жинап, түрлі олимпиадаларда жеңімпаз атанған. Ғимараттың іші таза әрі жинақы, ішінде бірнеше дәретханалар бар, бірақ олардың есіктері жабық. Ал есік ашылғанда жуынатын орында су жоқ болып шықты. Осының салдарынан оқушылардың көпшілігі адам төзгісіз иісі бар сыртта орналасқан әжетханаға баруға мәжбүр.

"Мұнда кіру мүмкін емес. Соған қарамастан көп балалар осында келеді. Мектеп ішіндегі дәретхананы тек бастауыш сынып оқушыларына ғана ашамыз", – дейді мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Талғат Әбікеев.

Басқа мектептердегі жағдай да осыған ұқсас. Мектеп ішінде дәретханалар бар, бірақ оларда су жоқ.



Жергілікті білім басқармасында аудандағы мектеп оқушылары көшедегі дәретханаларға баратынын жоққа шығарады.

"Отырар ауданында 40 мектеп бар. Олардың әрқайсысының ішінде дәретхана бар. Бар болғаны 10 оқушы ғана оқитын шалғайда орналасқан мектептің ғана мәселе шешілген жоқ", – деп ақталады аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің маманы Сейілбек Оразалиев.

Жақында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда 50 мектептің оқушылары сыртта орналасқан дәретханаларға баратынын мәлімдеген, бұл екі жыл бұрынғыдан 2500-ден астамға аз. Қазіргі таңда барлық оқу орындарында  ішкі дәретханалар бар, бірақ олар өз мақсатына сай пайдаланыла ма, әлде тек бар есебінде тұр ма бұл үлкен сұрақ, дейді телеарна журналисі.

Талқылау