Дәрігерлер шымкенттік жүкті әйелдің бауырынан алынған 19 сантиметрлік құрт туралы айтып берді
27 қыркүйекте Шымкентте айы-күні жеткен әйелге шұғыл түрде ота жасалып, ішінен 19 см құрт алып шықты деген хабар желдей тарады. Келіншектің жағдайы алғашында расымен де дәрігерлерді есеңгіретіп тастады. Дегенмен ота сәтті жасалып, әйелдің де, салмағы 5 келі болып туылған алып нәрестенің де денсаулығы жақсы. "Қазақстан ұлттық арнасындағы" "Ниет" бағдарламасы "Ішімізде не жүр?" деген тақырыпқа кезекті шығарылымдарын арнап, арық адамның асқазанында құрт болады деген рас па, жұқпалы аурулар неден тарайды, құрттардың зияндысы мен зиянсызын қалай бақылауға болады деген сауалдарға жауап берді.
Жуырда жүкті әйелге ота жасап, келіншектің де, баланың да өмірін аман алып қалған, шымкенттік №1 клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі, дәрігер Сәбит Байтеміровпен бағдарламаның барысында жүргізуші байланысқа шығып, отаның мән-жайы туралы сұрады. Дәрігердің айтуынша, денсаулығына шағымданып келген әйелдің бауырында эхинококк кистасы бар екені анықталған. Босану уақыты жақындағаннан кейін баланы кесар тілігі арқылы дүниеге әкеліп, ота жасалды.
Тағы оқыңыз
- Жыбырлап жатты: Дәрігер баланың мұрнынан тірі балықты алып шықты
- Жүктіліктің алғашқы белгілері қандай?
"Қазір әйелдің жағдайы жақсы. Бауырынан 19 см құрт алып шықты деп жазып жатыр. Эхинококк паразиттік ауру болып саналады. Паразит киста түрінде өседі. Паразит микроскоп арқылы ғана анықталады, көзге көрінбейді, сұйықтық ретінде бауырда, басқа органдарда өсе бастайды. Онымен жүре берсе әрі қарай асқынып, жарылып кетуі мүмкін, микроскпопиялық ұрықтары ішкі ағзаға жайылуы ықтимал, аллергиялық реакция беріп, анафилактикалық шок орын алуы мүмкін. Мұның бәрі өлімге алып келуі ықтимал. Оны анықтау үшін жүктіліктің алғашқы апталарында толық тексеруден өткізу керек. Ең дұрысы, жүктілікке дейін", - дейді отаны жүргізген ақ халатты.
Бұл соңғы үші жылдағы Шымкенттегі екінші жағдай екен. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облысында жиі кездесетін дерт. Үй жануарларынан тарайды екен. Малдың дұрыс өнделмеген еті арқылы адамға жұғады.
Бағдарламаның басқа сарапшысы, дәрігер Айнұр Тәжина аз уақыт ішінде көп салмақ тастау дұрыс емес екенін де тілге тиек етті, оның себебі стресске душар болуы немесе паразиттердің пайда болуында дейді. Айтуынша, адам ағзасын мекендейтін әлемде 250-ден астам құрт түрі бар болса, оның төртеуі - Қазақстанда кеңінен таралған.
Астаналық инфекционист Элмира Әбішеваның пайымдауынша, ағзада пайда болған паразиттердің белгісі - шаршағандық, түнде анальды аймақтың қышынуы, аллергиялық жөтел. Мәселен, описторхоз болған жағдайда, бөртпелер, іштің ауырсынуы пайда болуы мүмкін, жасалған емнің әсері болмауы мүмкін. Алайда аталмыш ауруды анықтау өте қиын екен. Оны анықтау үшін нәжісті зертханада тексеру, эфирлі-формальдегидті әдіске жүгіну қажет.
"Кейбір адамдар денем қышиды деп шағым түсіреді. Балық, ет өнімдерінің, құс еті дұрыс өнделмеуінен, шала піскен, стейк, кәуап, суши сияқты тағамдардан жұғуы мүмкін. Етті жақсылап ағынды судың астында бес минут жуып, бірінші қайнаған сорпасын төгіп тастау керек. Жеміс-жидекті де 5 минут жуу керек. Сушиді васабимен бірге жеу керек, паразиттердің пайда болуының алдын алады. Балықты тек қуырып қана қоймай, сәл су қосып, буға 10 минуттай бұқтыру керек", - дейді инфекционист дәрігер.
Тамақты жақсылап термиялық өңдеуден өткізіп, көп қайнату паразиттердің ағзада қоныстануын болдыртпайды. Мамандардың айтуынша, паразиттердің белгілері бірден білінбейді, тек басқа аурулар пайда болып, ем қонбаған жағдайда, қазбалап, анықтауға болады.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
