"Сусынына есірткі қосып берген": Алматы облысында 13 жастағы қызды әлдекім зорлап кеткен
Фото: depositphotos.com
Алматы облысының Қаскелең қаласында зорланған 13 жастағы қыздың туыстары әділдік іздейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы НеМолчиKZ қоры мәлімдеді. Қор мәліметінше, оқиға 23 шілде күні болған. Кешкісін серуендеуге шығып, үйіне оралмаған 13 жастағы қызды туыстары түні бойы іздеген. Қыз бала тек таңертең Қаскелеңдегі қонақүйлердің бірінен зорланған күйде табылған. Жәбірленуші қыздың туыстары полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразы.
“Қызды Қаскелең аудандық бөліміне алып келген соң, қыздың табылғанына қарамастан, оны іздеуден алып тастамаған. Екіншіден прокуратураның өкілі шақырылмаған. Сонымен қатар кезекші адвокат пен психолог та шақырылмаған. Сондай-ақ олар қызды сот-медициналық сараптамаға жіберсе де, баланың сырт киімінен, қанынан сараптама алынбаған. Мен осының барлығы неліктен бұлай болғанын сұрағанымда, олар қыздың өзін кіналай бастады. Бірақ ол тергеуде барлығын полицияның қысымымен айтқан. Полиция қызды анасы екеуін қылмыскер секілді тергеген”, – дейді қорға шағымданған жәбірленушінің туысы.
Әйелдің айтуынша, полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басы мен деректері анық болғанына қарамастан әрекет етпей отырған көрінеді. Сондай-ақ полицейлер күдіктінің әпкесіне жәбірленуші қыздың телефон нөмірін беріп жіберген. Жәбірленушінің туыстары әзірге тек күдіктінің 19 жастағы азамат екенін ғана біледі.
Туысының айтуынша, жәбірленуші күдіктіні мүлде танымайды. Күдікті өзін қызға 16 жастамын деп таныстырып, қонақүйге алдап кіргізген көрінеді. Сол жерде ішімдігіне есірткі қосып берген болуы мүмкін дейді қыздың әпкесі.
Сонымен қатар, полиция жәбірленушінің анасынан оқиға туралы ақпаратты жарияламау туралы қолхат жаздырып алған көрінеді. Қыздың туыстары полицейлердің пара алып, істі жауып жіберуге тырысуда деп күдіктенеді.
Алматы облысының полиция департаменті әзірге жағдайға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
