Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранның Минаб қаласындағы қыздар мектебіне жасалған соққыдан қаза тапқандар саны 108-ге жетті

Фото: ISNA/AP 

Иранның Минаб қаласындағы қыздар мектебіне жасалған соққы салдарынан 108 адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі IRNA басылымына сілтеме жасап хабарлайды.  

Иранның Қызыл Жарты ай қоғамы өкілінің мәліметінше, Минаб қаласындағы мектеп оқушылары арасында қаза тапқандар саны 108-ге жетті.

“Минабтағы мектеп оқушылары арасында қаза тапқандар саны 108-ге жетті. Құтқару жұмыстары мен үйінділерді тазалау әлі де жалғасып жатыр”, – деді ұйым өкілі.

1 наурыз күні Хормозган провинциясы аумағында аза тұту күні жарияланды.

Бұған дейін IRNA агенттігі елдің Білім министрлігіне сілтеме жасап, Минабтағы бастауыш қыздар мектебіне жасалған шабуыл салдарынан 85 адам қаза тапқанын хабарлаған еді.

Зымыран соққысы 28 ақпан күні күндіз жасалған. Мектеп ғимараты Ислам революциясы сақшылары корпусы пайдаланатын нысандардан шамамен 600 метр қашықтықта орналасқан.

Иранның Қызыл Жарты ай қоғамының мәліметінше, Израиль мен АҚШ соққылары басталғалы бері 24 провинцияда 201 адам қаза тауып, 747 адам жарақат алған.

Айта кетейік, бұған дейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) елдің Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи өлтірілген соң “Иран қарулы күштері тарихындағы ең жойқын шабуыл операциясын” бастауға уәде берген еді. Ел үкіметі 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жариялап, 7 күнді демалыс күндері деп белгіледі.

Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, Хаменеи қаза тапқан соң ел қалаларының орталық алаңдарына мыңдаған адам жиналып, кек қайтаруды талап етіп жатыр. Сонымен қатар елде жаппай аза тұту шаралары өтіп, мешіттерде қаралы тулар көтерілген.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 01 Наурыз, 2026 12:34