Иран телеарнасы “Оскар” салтанатында актриса Шарлиз Теронның ашық төсін “жауып” тастады (видео)
Иран мемлекеті 89-шы “Оскар” салтанатты кешін трансляциялау кезінде “Шет тіліндегі үздік фильм” аталымын жариялаған актриса Шарлиз Теронның денесін монтажбен өңдеген.
Фото: AP
Бұл туралы The Independent хабарлайды.
Iranian Labor News Agency (ILNA) таратқан кештің видеосын, “Менің құпия бостандығым” қозғалысының жетекшісі Масих Алинеджад өзінің Фейсбуктегі парақшасында жариялады. Ол біраз уақыттан бері әйелдер құқығы үшін күресіп жүр.
Кадрда актрисаның ашық көрінетін мойыны мен қолын бұлдыратып тастағаны байқалады. Телеарна дәл осындай монтажбен ирандық режиссер Асгар Фархадиге марапатты табыстаған дыбыс режиссері Ануш Ансаридің де денесін “жапқан”.
“Ирандық телеарна “әйелдердің тәнін жабық ұстау” үшін осындай әдісті пайдаланып отыр” дейді Алинеджад.
Оның айтуынша Иранда жеті жастан асқан қыздар мен әйелдердің өз денесін жабу керектігі туралы заң бар екенін айтады. Сондай-ақ, ол елде нәзік жыныстылар көшеге хиджабсыз шықса да айыптауға ұшырайды.
“Оскар” сыйлығын табыстау рәсімі 27 ақпанда өтті. Ирандық “Коммивояжер” фильмі шет тіліндегі үздік фильм бәйгесінде жеңіске жеткен еді.