Фото: shutterstock.com
Ұйымның өлім жазасы мен оның орындалуына қатысты соңғы есебіне сәйкес, 2024 жылы барлығы 1518 адам өлім жазасына кесіліп, үкім орындалған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 32% көп. Сонымен қатар өлім жазасын қолданатын елдер саны азайғаны байқалған.
Amnesty ұйымының дерегінше, 2024 жылы тіркелген өлім жазаларының саны 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болды. Ал өлім жазасын қолданатын елдер саны 16-дан 15-ке дейін азайған.
Әлемде ең көп өлім жазасы Қытайда беріледі деп есептеледі, алайда бұл елге қатысты нақты деректер жоқ. Amnesty ұйымының мәліметінше, Қытайда өлім жазасына қатысты статистика мемлекеттік құпия болып саналады. Вьетнам мен Солтүстік Корея – өлім жазасы кеңінен қолданылатын тағы екі ел, бірақ бұл мемлекеттер де үкімдердің қаншасы орындалғаны туралы ақпаратты жарияламайды.
Amnesty International ұйымының бас хатшысы Аньес Калламардың айтуынша, өлім жазасын орындау саны бойынша Иран көш бастап тұр. Белгілі өлім жазаларының 91%-дан астамы Иран, Ирак және Сауд Арабиясына тиесілі.
Ұйымның есебіне сүйенсек, 2024 жылы Иранда 972 адам өлім жазасына кесіліп, үкім орындалған, олардың ішінде 30 әйел бар. 2023 жылы бұл көрсеткіш 853 адам болған.
Екінші орында Сауд Арабиясы, бұл елде былтыр 345 адам өлім жазасына кесіліп, үкім орындалған. Үшінші орында Ирак тұр (63 өлім жазасы).
Сондай-ақ тізімде Йемен (38 өлім жазасы), Сомали (34 өлім жазасы), АҚШ (25 өлім жазасы), Мысыр (13 өлім жазасы), Сингапур (9 өлім жазасы), Кувейт (6 өлім жазасы) елдері бар.
Amnesty ұйымының дерегі бойынша, Иран мен Сомалиде 18 жасқа толмаған 4 жасөспірім өлім жазасына кесілген.
"Біздің 2024 жылғы жалпы деректерімізге Қытайдағы мыңдаған өлім жазалары мен өлім жазасына кесілген адамдар кірмейді, себебі бұл туралы мәліметтер мемлекеттік құпия болып саналады", — дейді Amnesty International сарапшысы Кьяра Санджорджио.
Amnesty ұйымы Қытайдың сыбайлас жемқорлық және есірткі саудасы үшін өлім жазасын қолданатынын, бұл БҰҰ-ның өлім жазасын тек "ең ауыр қылмыстарға" беру туралы резолюциясын бұзатынын атап өтеді. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің анықтамасы бойынша, мұндай қылмыстар тек қасақана кісі өлтірумен байланысты болуы керек. Есірткімен байланысты немесе сексуалдық сипаттағы қылмыстар бұл критерийге сәйкес келмейді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан соты өз елінде өлім жазасы күтіп тұрған ауғанстандық қызға босқын мәртебесін бермей қойғаны туралы жазған едік.