Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа байланысты қазақстандықтарға сапарға шықпауға кеңес берілді
Фото: pixabay.com
Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан аумағында, әуе кеңістігінде және оған жақын аймақтарда ұшуға толық тыйым салынғанын жеткізді. Шектеу арнайы бұйрық шыққанға дейін күшінде болады.
“Азаматтық авиация комитетінің нұсқауы отандық әуе тасымалдаушылардың тұрақты және тұрақсыз жолаушылар, жүк, техникалық рейстеріне қатысты. Осыған байланысты туристерден жағдайды жіті қадағалап, сапарларын, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне баруды мұқият жоспарлауды сұраймыз. Аталған өңірдегі ахуал өзгерген жағдайда, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің авиациялық қауіпсіздік департаменті қосымша ақпарат ұсынады”, – делінген хабарламада.
Туризм және спорт министрлігі жағдайды жіті бақылауда ұстап, жауапты мемлекеттік органдар, елшіліктер және туроператорлармен тұрақты байланыста отыр екен. Қажет болған жағдайда министрлік Туристік агенттіктер және әуекомпаниялармен бірлесіп туристерді қайтаруды қамтамасыз етпек.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Израиль мен Иран төңірегіндегі жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасаған еді. Қазақстан билігі қақтығысқа қатысушы тараптарды барынша ұстамды болуға шақырған.