Ипотекадағы пәтерді жалға беруге бола ма: Қазақстандықтарға айыппұл салынуы мүмкін екені ескертілді
Қазақстанда ипотекаға алған пәтерді жалға беру заңсыз болып саналады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Енді банкпен рәсімделіп, ипотекаға алған пәтерді жалға беріп, табыс табу үшін қазақстандықтар банктен рұқсат алуы керек. Олай болмаған жағдайда айыппұл салынады.
Меншік иесі, яғни қарыз алушы сатып алу-сату келісімі тіркелген сәттен бастап, пәтер ресми түрде оның меншігіне өтеді. Банк – меншік иесі емес, тек қарыз беруші. Дегенмен ипотека толығымен төленгенге дейін пәтер кепілде болады. Бұл дегеніміз, кез келген маңызды әрекеттер, мысалы, сату, айырбастау немесе тіпті қайта жоспарлау тек банктың рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.
Ипотекалық пәтерді жалға беру мәселесі кепілдік шартымен реттеледі. Келісімшарт бойынша:
- Жалға беруге мүлдем тыйым салынған;
- Тек банктың келісімімен жалға беру рұқсат етіледі.
Егер келісімшартта жоғарыда айтылғандардың ешбірі көрсетілмеcе, қарыз алушы да кепілге қойылған мүлікті жалға беруге толықтай құқығы бар.
Қандай жағдайда ипотекалық пәтерді жалға беруге тыйым салынады
Коммерциялық банктерде ипотека рәсімдеу кезінде жалға беруге тыйым салу өте сирек кездеседі. Мұндай талап әдетте жеңілдетілген ипотека рәсімделген кезде болады. Мысалы, кейбір мемлекеттік бағдарламалар бойынша, онда оператор ретінде Отбасы банк қызмет көрсетеді.
Пәтерді жалға беру үшін банктың келісімі қажет
Егер келісімшарт бойынша пәтерді жалға беру үшін банктың келісімі қажет болса, қарыз алушы алдымен банкке жүгінуге тиіс. Банктің рұқсатын алу қиын емес. Банк бөлімшесінде еркін түрде өтініш жазып, өз деректерін және қарыз бен кепіл келісімдерінің нөмірлерін көрсету керек. Кейбір банктерде бұл мүмкіндік мобильді қосымша арқылы да, онлайн түрде де қолжетімді.
15 жұмыс күні ішінде банк жазбаша рұқсат етеді немесе негізді түрде бас тартады.
Негізі коммерциялық банктер, әдетте кепілге қойылған мүлікті жалға беруге келісім береді.
Егер қарыз алушы келісімшарттарын бұзып, банктың рұқсатынсыз пәтерді жалға берсе, оған айыппұл салынуы мүмкін. Әдетте, айыппұл мөлшері тұрақты болады.
Қарыз алушы ипотека бойынша төлемдер жасау үшін өз табысының кез келген түрін, соның ішінде ипотекалық пәтерді жалға беруден алынған табысты да пайдалана алады.
Жалға алушының пәтерге қатысты ешқандай мүліктік құқығы жоқ.
“Жалға алушының құқықтары жалға беру келісімшартында көрсетіледі. Ол белгілі бір мерзімге жалға алынған пәтерде тұруға құқылы. Егер төлемдер уақытында жасалса, сондай-ақ жалға алу мерзімі бір айдан асса, жалға алушының уақытша тіркелуге құқығы бар, — деді заңгер Бахыт Қасымбеков.
Заңгерлер мемлекеттік бағдарламамен алған үйді жалға берсең мәселе тіптен қиын екенін айтты. Ешкімге ескертпей өткізіп жүргеніңізді біліп қойса, үйді тартып алуы мүмкін екенін ескертті.
“Пәтерді жалға берсеңіз, сіз өзіңізге пайда көріп отырсыз дегенді, яғни бұл коммерциялық түсінікті білдіреді. Сондықтан жалға берілген пәтерден тапқан табысыңыздан мемлекетке салық төлеуіңіз керек”, – дейді заңгер Алина Шынтаева.
Осылайша мамандар бұл әрекеттің заңсыз екенін айтты.
Бұған дейін Қазақстанда ипотека құны өсетіні туралы жазған едік.