Инвесторлардың қызығушылығы төмендеген: Қазақстанның мұнай қоры алдағы 10 жылда таусылмақ
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы мұнай қоры таусылуға жақын. Қазір өндірілетін мұнайдың 15% қоры азайған кен орындарынан алынып жатыр. Егер жаңа кен орындарын барлау мен игеру күшейтілмесе, елдегі мұнай өндірісі күрделі жағдайға тап болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: petrodigest.ru
Кейінгі жылдары мұнай қорының сарқыла бастағаны жиі айтылып жүр. Сарапшылар мен шенеуніктер бұл мәліметті растап отыр. Мәселен, 2023 жылы 87,7 миллион тонна мұнай өндірілсе, соның 13 миллионы таусылуға таяған кен орындарынан алынған. Жаңа кен орындарын ашу мен барлау жұмысына жеткілікті көңіл бөлінбеуі саланың дамуын тежеп отыр.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтың айтуынша, Қазақстанда шамамен 20 миллиард баррель мұнай қоры қалған. Оның 8-10 миллиарды "Қашаған" кен орнында сақталғанымен, шикізат өндіру қарқыны төмен. Яғни, қолжетімді 10 миллиард баррель мұнайды қазіргі қарқынмен өндірсек, қор 10 жылға ғана жетуі мүмкін. Ал қалған мұнайды игеру техникалық және қаржылық тұрғыдан күрделі болмақ.
Мұнай саласы инвесторлар үшін де тартымсыз болып барады. Себебі шетелдік және отандық компанияларға қойылатын талаптар қатаң. Жаңа кен орнын игермей жатып, инвестордан өндіріс көлемін, жұмысқа алынатын адамдар санын және оқытуға жұмсалатын шығындарды белгілеу талап етіледі. Сонымен қатар өндірілген мұнайдың 60%-ын ішкі нарыққа төмен бағамен сатуға міндеттелу инвесторлардың қызығушылығын төмендетті.
Сарапшы Абзал Нарымбетовтің пікірінше, Қазақстан экономикасының 50%-ы мұнай табысына, 30%-ы мұнай саудасына, ал экспортқа шығатын өнімнің 60%-ы мұнай өнімдеріне тәуелді. Осыған байланысты, мұнай қорын сақтау және жаңа кен орындарын табу ел экономикасы үшін маңызды қадам болмақ.
Сарапшылар мұнай қорын ұзақ мерзімге жеткізу үшін барлау жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтады. Бұл шаралар жүзеге асса, елдегі мұнай қорының түгесілу қаупін азайтуға болады.
Еске салайық, бұған дейін мұнай тасымалданатын Каспий құбыр консорциумының нысанына дрондар шабуыл жасағанын жаздық. Каспий құбыр консорциумының баспасөз қызметінің мәліметінше, “террористік шабуылды” жарылғыш заттардан бөлек металл оқ-дәрілермен толтырылған жеті ұшқышсыз аппараттар жасаған. Соққы араға уақыт салып қайталанып тұрды. Сондағы мақсат – нысанның жұмысын тоқтату және станциядағы жедел қызметкерлерді өлтіру. Десе де, мұнай жеткізу нысанының қызметкерлері зардап шеккен жоқ. Консорциум жұмысшылары мұнай төгілу қаупінің алдын алды.