Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Интернет алаяқтар Қазақстанда ірі компанияның шотынан 300 млн теңге ұрлады

Қазақстандық және ресейлік хакерлер бірлесіп Қазақстандағы ірі акционерлік қоғамның қаржысын ұрлады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Бүгінде тергеу департаментінде топтық тұлғаларға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Олар ірі  акционерлік қоғамның (АҚ) шотынан 300 млн теңгеден астам ақшаны ұрлаған. Осыған қатысты 3 күдікті ұсталып, қамауға алынды. Белгілі болғандай, күдікке ілінген Алматы қаласының тұрғындары әзірге ұсталмаған Ресей федерациясының хакерлерімен бірлесіп аталған АҚ-ның интернет ресурсында бөгде адамдардың атынан жалған аккаунттар ашқан. Осылайша сол ұйымның ақпараттық төлем жүйесіне қол жеткізген. Одан әрі транзакция көшірмесін құрып, Қазақстан мен Ресейдің екінші деңгейлі банктерінен заңсыз ақша аударған", - деді ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов министрлікте онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министрлік өкілі интернет қылмыскерлердің қазақстандық байланыс операторлары абоненттік нөмірлерінен де ақша жымқырылғанын айтты. 

"Одан бөлек, интернет алаяқтар акционерлік қоғамның өңірлердегі бөлімшелеріне IT бөлімінің қызметкерлеріміз деп хабарласып, заңсыз операция жүргізу арқылы карта шоттарын толтырған. Ұсталғандар ұрлаған қаржыны қолма-қал ақшаға айналдырып, оны биткоин мен крипто әмиянға салған. Және сим-карталар сатып алған. Сол сияқты қолды болған ақшаның Қазақстан аумағы мен қатар шетелге де жөнелтілгені анықталды. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүріп жатыр және Ресейдің құқық қорғау органдарымен бірлесіп қалған интернет алаяқтықпен айналысушыларды іздеу жұмыстары жалғасуда", - дейді ол. 

Әділовтің айтуынша, интернет алаяқтық жалпы қылмыстардың 27 % құрап отыр. Жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 20 % төмендегеніне қарамастан, алаяқтық қылмыс деңгейі өскен. Осы орайда интернет алаяқтық фактілері көбейгені байқалды.

Бұған дейін қазақстандық қыздарды шетелге жеңіл жүріспен айналысуға мәжбүрлеген қылмыстық топтың ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 29 Наурыз, 2021 12:41
Талқылау