Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақпараттық саясатқа эксклюзивті дүниелер керек": Орал қаласында өткен азаматтық форумда не талқыланды?

"Бір реттік мерекелік шаралар мен мерейтойларды өткізуді қоғамдық ұйымдардың мойнына ілуді доғару қажет". Мұндай ұсыныс Орал қаласында өткен "Инклюзивті мемлекеттік саясат: азаматтық қоғамның үлесі" тақырыбындағы ХІ азаматтық форумның панельдік сессиясында айтылды.

Форумға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің,  Қазақстанның Азаматтық альянсының "Азаматтық бастамаларды  қолдау орталығы" КЕАҚ, меморган өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестік өкілдері, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты. 

Бірнеше панельдік сессиядан тұрған форумның "Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс: не үшін және кімге" аталатын бөлімінде "Жайық таңы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова мемлекеттік грант, мемлекеттік сыйақы алу, оның құжаттарын рәсімдеу, үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бағытталған тегін кеңестер жайында айтып берді. 

Өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға 1 миллиард 238 миллион теңге қаржы бөлінген. Соңғы бес жылда облыста 163 жоба іске асырылған. Аталған қаржының 600 миллионға жуығы әлеуметтік жобаларға бөлінген. Десе де белгілі бір бағытта жұмыстанатын профилді үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қолдау қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар МӘТ қаржысын бір реттік мерекелік шаралар мен мерейтойларға жұмсауды, ол жұмыстарды ҮЕҰ мойнына ілуді  доғару қажет екені де сөз болды. Барлық әлеуметтік жобаны қоғамдық  даму басқармасының мойнына іліп қою да өз нәтижесін бермейтіні де сөз болды. 

"ҮЕҰ және БАҚ" тақырыбындағы екінші панельдік сессияда қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-тың ынтымақтастығын арттыру жайы сөз болды.

Тәжірибелі журналист Асланбек Ғұбашев инклюзивті ақпараттық саясатқа эксклюзивті дүниелер керек деген пікірін айтты. 

"БАҚ белсенді жұмыс жасап жүрген 100 шақты ҮЕҰ-ның іс-шарасының бәрін қамти алмайды. Оған БАҚ-тың шығармашылық, техникалық, адами ресурсы шектеулі. Қоғамдық ұйымдардың жыл сайын қандай шара өткізетінін біліп отырамыз, БАҚ-қа эксклюзив қажет. Жобалар тиімді, халыққа берер пайдасы мол болса, БАҚ-қа да сапалы ақпарат шығады, тілшілер ол қоғамдық ұйымды өздері іздеп жүреді", – деді Асланбек Зиннатұлы. 

Форумның қорытынды бөлігінде БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ҮЕҰ жұмысына толық сараптама жасау қажет екенін айтты. 

“ҮЕҰ дерекқорына биыл БҚО-дан 268 ұйым өтініш берген. Яғни осы ұйымдар мемлекеттік сатып алуларға қатыса алады. Алайда олардан бөлек те "тірі" ұйымдар бар. Қоғамдың ұйымдардың қаншасы мемлекеттік тапсырыс орындайды, қаншасы шетелдік ұйымдардан қаржы алады, қаншасы мемлекеттік органдармен жұмыс жасайды немесе өз бетінше қоғамдық істермен айналысып жүр – толық сараптама жасалу керек. Әр айға нақты жұмыс жоспарын бекітейік. Республикалық форумға нақты ұсыныстар жинақтаймыз. Сонда азаматтық форум нәтижелі болады”, - деді Бақытжан Нарымбетов.

Форум соңында қолға алынатын шаралар бекітілді. Атап өтсек, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлер қауымдастығының бірлесіп әрекет ету нәтижесіндегі жаңа әлеуметтік жобалар жүзеге аспақ. Кәсіпкерлер мен ҮЕҰ өзара тәжірибе алмасатын болды. Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын түсіндіру бойынша мемқызметкерлерге арналған оқыту курстары ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында үкіметтік емес ұйым қызметі, жүзеге асырылып жатқан пайдалы жобалары туралы арнайы бөлімдер жүргізіліп, әлеуметтік жобалардың нәтижесі БАҚ арқылы жарияланатын болды. Бұл жөнінде форум аясында меморандумдарға қол қойылды.

Талқылау