Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайды - Тоқаев

Президент тапсырма бердіФото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын, "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Үкіметке сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етуді тапсырды.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент соңғы жылдары Қазақстан бәсекелестіктегі артықшылықтарын толық ашуға, экономикалық өсімнің тың мүмкіндіктерін табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға бағыт алғанын атап айтты.

"Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр. Жолдауда инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтынын айттым. Өйткені инфляция азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шешім мен әрекетті жоққа шығарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуға тиіс", - деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмей келеді. 

"Импорт өте көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге қолдау жасалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,5 триллион теңгеге бағаланды",   – деді Мемлекет басшысы.

Рая Мінәп
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 14:49