"Инфекция көру және есту қабілетін төмендетеді": Инфекционист қызылшаның (корь) қаупі мен алғашқы белгілері туралы айтып берді
Қазақстанда бүгінгі таңда қызылша (корь) жұқтыру деректері көбейген. 2023 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша елде 4 671 адам осы инфекцияны жұқтырыпты. Ал 2022 жылы тек 4 дерек тіркелген. Сондай-ақ білім беру орындарында да қызылша анықталып, кей аймақтарда карантин жарияланды. Осы тұста Stan.kz тілшісі инфекционист маманмен сұхбаттасып, қызылшаның алғашқы белгілілері мен қауіпі, екпе алудың маңызы туралы сұрап көрді.
Қала тұрғыны Айжан Амангелді балалары білім алатын мектеп-гимназияда қызылша (корь) анықталғанын айтады. Бірақ бұл туралы мектеп әкімшілігі ата-аналарға хабарламаған.
"Екі балам Наурызбай ауданындағы мектеп-гимназиялардың бірінде оқиды. Бірі 4-сыныпта, екіншісі 1-сыныпта. Бастапқыда балаларым оқитын сыныптарда қызылша шыққаны туралы ешкім айтпады. Мұны инфекция жұқтырған баланың анасымен сөйлескенде аяқ асты біліп қалдым. Мұны естігенде не істерімізді білмей қалдық, себебі кіші ұлым әлі қызылшаға қарсы екпе алмаған еді. 1-сыныпқа барғанда бізге "Эпидемия жүріп жатыр, емханада екпе жоқ" деді. Екпе алып үлгергенше мектепте инфекция анықталып отыр", – дейді ол.
Тұрғынның сөзінше, қызылша екпеден бас тартқан отбасының екі баласынан анықталыпты.
"Инфекция жұқтырған балалар ұлдарыммен бір сыныпта оқиды. 4-сыныптағы үлкен ұлында дерт ауыр өтті. Сол сәтте абдырап қалдық. Өйткені қызылша анықталғанда қандай шара қабылдау керегін білмейміз, ақпарат жоқтың қасы. Дәрігерлерден кеңес алғанда олар сыныптағы барлық оқушылардың міндетті түрде ауыратынын айтты. Ал балаларым оқитын сыныптар карантинге жабылды, асханаға бөлек барды. Дене шынықтыру пәні сыныпта өтті", – деп қосты Айжан Амангелді.
Мектептке карантин мерзімі аяқталған соң балаларға екпе салыпты. Бірақ Айжан Амангелді мектеп әкімшілігінің ұлына екпе салатыны жайлы бір ауыз ескертпегенін айтып отыр.
Қызылша – балалар үшін қауіпті дерттің бірі
Педиатор, инфекционист Меруерт Мұхамеджанқызы қызылша инфекциясы бойынша еліміздің бірқатар қалаларында эпидемия жүріп жатқанын айтады. Дегенмен мектептер инфекция жұқтыру деректерін жасырып қалуға тырысады дейді.
"Қызылша – балалар үшін қауіпті дерттің бірі. Себебі инфекция жұққанда дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Асқынған жағдайда, көзі қызарып, ағза құрғайды. Салдарынан көру және есту қабілеті нашарлайды. Соңында пневмонияға ұласуы әбден мүмкін. Бастапқыда Түркия мен Ресей секілді елдерден келген. Қазір еліміздің бірнеше қаласында қызылша жұқтыру деректері көбейгенін көріп отырмыз. Алайда мектеп жабылып қалмау үшін әкімшілік мұның жария болғанын қаламайды", – деп түсіндірді дәрігер.
Педиатордың пайымдауынша, қызылша – тез тарайтын инфекция. Сондықтан бір оқушыда анықталса, тұтас сыныпқа жұғуы ықтимал.
"Қазір тек мектептер ғана емес, балабақшалар да қызылшаға байланысты карантинге жабылып жатыр. Тіпті оңалту орталығындағы церебралды сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндерге де жұққан. Мұндай балаларда дерт ауыр өтеді. Егер бір оқушыдан қызылша анықталса, сыныпты карантинге жабу керек", – дейді педиатор.
Қызылшаның тарауына балаларға екпе салғызбай отырған ата-аналар кінәлі
Меруерт Мұхамеджанқызы қызылшаның жаппай тарауына ата-аналардың сауатсыздығы себеп екенін мәлімдеді.
"Қазір діни сенімдерге байланысты екпеден бас тартатын ата-ана көп. Ересектер өздері ауырмағандықтан, балаларға да жұқпайды деп ойлайды. Бірақ екпе алған балада қызылша жеңіл өтіп кетеді. Бүгінде инфекция жұқтырып, ауруханаға жатқызылған балалардың барлығы екпе алмаған. Ата-аналарға екпеден қорықпаңыздар дер едім", – деп мәлімдеді инфекционист.
Мектепте қызылша анықталса, қандай шара қабылдау керек?
Маман мектепте қызылша анықталса, алдымен, баланы бақылау керек дейді. Себебі қызылшаның белгілері бірден байқалмайды.
"Сыныпта немесе мектепте қызылша жұқтыру дерегі анықталса, баланы үйде бақылау керек. Себебі қызылшаның клиникалық көріністері 10 күннен кейін көрінеді. Егер қызуы көтерілсе, денесінде бөртпелер пайда болса, дәрігерге жүгініп, мекенжай бойынша тіркелген емханада қаралған жөн. Емделу кезеңінде баланы мектепке жібермеу керек", – деді Меруерт Мұхамеджанқызы.
Бала ауырып жүргенде қызылшаға қарсы екпе салу керек пе?
Педиатор-инфекционист сұхбат барысында екпе мәселесі туралы да айтып өтті. Маманның сөзіне сүйенсек, қызылша жұқтырған кезде балаға екпе салуға болмайды.
"21 күн ішінде балада қызылшаның клиникалық белгілері анықталмаса, екпе салуға болады. Бірақ бала қызылшамен ауырып жүргенде екпе алудың еш мәні жоқ. Сондай-ақ қызылшаға қарсы екпе салар кезде балаларды тексеру керек. Неврологиялық дерті бар балаларға қызылшаға қарсы екпе салынбайды. Бұдан бөлек, тұмау жұқтырған, тамағы ауырып немесе қызарып жүрген, қызуы көтерілген балаларға да екпе салуға тыйым салынады. Өйткені баланың ағзасында әлі вирустар бар, бұл кезде екпе кері әсер етуі мүмкін", – деп түйіндеді дәрігер.
Еске салайық, Алматыдағы №172 мектепте қызылша ауруы өршіп, білім мекемесі 16 қазанға дейін карантинге жабылған еді.
"Инкубациялық кезең аяқталғанға дейін барлық бастауыш сынып оқушыларын (1-4) онлайн оқытуға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Мұғалімдер мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Балалар қажетті компьютерлік техникамен және интернет-ресурстармен қамтамасыз етілген", – деп хабарлады басқарма өкілдері.