Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Индонезиядағы жер сілкінісі: Тоқаев көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезия Президенті Джоко Видодоға көңіл айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстан президенті Сулавеси аралындағыкүшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

"Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болған адамдардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Осындай қиын жағдайда біз индонезиялық достарымыздың қайғыларына ортақтасып, олармен бірге екенімізді жеткіземін. Сонымен қатар табиғат апатынан зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуына тілектестік білдіремін", – делінген жеделхатта.

Еске салайық,Индонезияның Сулавеси аралындағы Мамуджу қаласында 15 қаңтарда 5,7 және 6,2 баллдық екі күшті жер сілкінісі болды. Соңғы мәліметтер бойынша, онда 26 адам қаза болды, бірнеше жүз адам жарақат алды.

Мамуджу қаласында кем дегенде бір көпір, сондай-ақ аурухана, жергілікті әкімдік және қонақ үй сияқты 60-тан астам ғимарат қирады.

Үйінділері астында іздеу жұмыстары жалғасуда, құтқарушылар ауыр техниканы қолданып жатыр.

Индонезия метеорология және геофизика агенттігінің басшысы Двикорита Карнавати кем дегенде 26 рет жер сілкінісі тіркелгенін айтты. Ол тағы бір күшті жер сілкінісі болған жағдайда цунами қаупі туралы ескертті.


Жер сілкінісі туралы ең қызықты деректер

Талқылау